Оқиға

Сайран көлінен ер адамның мәйіті табылды

Қазіргі кезде тәртіп сақшылары Сайран көліне батып кеткен ер адамның аты-жөнін анықтау ісімен айналысып жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Сайран көліне батып кеткен жас жігіттің мәйіті табылды, деп хабарлады Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті.

Сүңгуірлер ер адамды кешеден бері іздеген. Ол шомылуға тыйым салынған белгілерге қарамай, суға түскен.

"Мәйіт табылды, қазіргі кезде ер адамның аты-жөні анықталып жатыр", – деді департамент мамандары.

Қайғылы оқиға 31 мамыр күні сағат 17:30 шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, 25-30 жастағы ер адам Сайран көлінде орнатылған тыйым салу белгілеріне қарамастан, суға түсіп, қайта шықпаған. Алдын ала мәліметке сәйкес, жас жігіт көл жағасында таныстарымен бірге ішімдік ішіп, мас күйде болған.

Құтқарушылар бірден іздеу шараларына кірісті. Бірақ кешеден бері жас жігітті таба алмады. Іздеу шараларына жеті сүңгуір мен екі қайық тартылды.

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында жоғалған келіншекті іздеуге келген құтқарушының өзі суға кетті

Айта кетейік, Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті Сайран көлінде шомылу маусымы әлі ашылмағанын ескертеді. Себебі көл 50 процентке ғана толған.