НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Алматылық сүңгуірлер кешеден бері Сайран көліне шомылуға барған жігіттің денесін іздестіріп жатыр, деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар департаменті.
Қайғылы оқиға 31 мамыр күні, шамамен, сағат 17:30-да болған. Куәгерлердің айтуынша, 25-30 жастағы ер адам Сайран көлінде орнатылған тыйым салу белгілеріне қарамастан, суға түскен.
"Алдын ала мәліметке сүйенсек, жас жігіт көл жағасында таныстарымен бірге ішімдік ішіп, мас күйге түскен", – дейді департамент мамандары.
Құтқарушылар бірден іздеу шараларына кірісті. Бірақ кешеден бері жас жігітті таба алмай жатыр. Қазіргі кезде іздеу шараларына жеті сүңгуір мен екі қайық тартылып отыр.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті Сайран көлінде шомылу маусымы әлі ашылмағанын ескертеді. Себебі көл 50 процентке ғана толған.
Жалпы құтқарушылар суға түсу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін айтады. Олар:
- ресми рұқсаты және құтқару қызметі бар арнайы жерлер мен жағажайларда ғана суға түсу керек;
- суға шомылу кезінде адамдар бір-біріне қарайлап, бақылап отырғаны жөн;
- жағадан алыстауға және белгіленген жерден ары қарай жүзіп баруға болмайды;
- түнгі уақытта және мас күйде суға шомылуға қатаң тыйым салынады.
Оқи отырыңыз: Көлігі өзеннен табылды: Қарағанды облысында кәсіпкер іздестіріліп жатыр