НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды балаларды қорғаудың халықаралық күнімен құттықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Еліміздің жас буын өкілдерінің балалық шағы бақытты өтіп, дені сау, жан-жақты азамат болып өсуіне жағдай жасау – стратегиялық маңызы бар міндет. Бұл – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі", – жазды мемлекет басшысы Твиттер парақшасында.
Қазақстан жыл сайын 1 маусымда халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтеді.
Мерекені 1 маусымда атап өту туралы шешім Парижде 1949 жылдың қарашасында өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясы конгресінде қабылданды.
Балаларды қорғау күнінің басты мақсаты – балалардың өмір сүруге, пікір білдіруге, қорғауға және білім алуға құқығы бар екенін еске салу. Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) 1959 жылы Бала құқықтары туралы декларация қабылдады.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар жазғы демалысын қалай өткізетінін айтты – видео
Халықаралық құқық деңгейіндегі басты құжат 1989 жылдың 20 қарашасындағы Бала құқықтары туралы конвенция болып саналады. КСРО бұл құжатты 1990 жылдың 13 шілдесінде ратификациялады.