Денсаулық

Қазақстанда қағаз вакциналау паспорты енгізіледі – санитар дәрігердің қаулысы

Қазақстандықтар мен шетелдіктер 1 маусымнан бастап вакциналау туралы қағаз анықтама сұрата алады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Қазақстанның бас санитар дәрігері халықты вакциналауға қатысты жаңа қаулыға қол қойды.

Құжатқа сәйкес коронавирус инфекциясына қарсы вакциналауға жұмылдырылған медициналық ұйымдар:

  • 2021 жылдың 1 маусымынан бастап қазақстандықтардың талабы бойынша қағаз түрінде вакциналау туралы анықтама береді;
  • 1 маусымнан бастап шетелдіктердің талабы бойынша Қазақстанда жүргізілген КВИ-ге қарсы вакциналау туралы қағаз анықтама береді;
  • мүгедектер қатарындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға үйіне барып, КВИ-ге қарсы вакциналау жүргізуді ұйымдастырады. 
  •  сонымен қатар, растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда (2021 жылдың 1 шілдесінен бастап) медициналық мекемелер шетелде екпе алған Қазақстан азаматтарының КВИ-ге қарсы вакциналануы туралы мәліметті "Вакциналау" модуліне енгізеді;
  • білім министрлігі растайтын ақпаратты ұсынған жағдайда клиникалық сынақтар аясында QazCovid-in (QazVac) вакцинасын алған қазақстандықтардың КВИ-ге қарсы вакциналануы туралы мәліметті модульге енгізеді;
  • сонымен қатар білім министрлігі растайтын ақпарат ұсынған жағдайда биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының QazVac вакцинасын алған қызметкерлерінің КВИ-ге қарсы вакциналануы туралы ақпаратты модульге енгізеді.