НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Қазақстанның бас санитар дәрігері халықты вакциналауға қатысты жаңа қаулыға қол қойды.
Құжатқа сәйкес коронавирус инфекциясына қарсы вакциналауға жұмылдырылған медициналық ұйымдар:
- 2021 жылдың 1 маусымынан бастап қазақстандықтардың талабы бойынша қағаз түрінде вакциналау туралы анықтама береді;
- 1 маусымнан бастап шетелдіктердің талабы бойынша Қазақстанда жүргізілген КВИ-ге қарсы вакциналау туралы қағаз анықтама береді;
- мүгедектер қатарындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға үйіне барып, КВИ-ге қарсы вакциналау жүргізуді ұйымдастырады.
- сонымен қатар, растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда (2021 жылдың 1 шілдесінен бастап) медициналық мекемелер шетелде екпе алған Қазақстан азаматтарының КВИ-ге қарсы вакциналануы туралы мәліметті "Вакциналау" модуліне енгізеді;
- білім министрлігі растайтын ақпаратты ұсынған жағдайда клиникалық сынақтар аясында QazCovid-in (QazVac) вакцинасын алған қазақстандықтардың КВИ-ге қарсы вакциналануы туралы мәліметті модульге енгізеді;
- сонымен қатар білім министрлігі растайтын ақпарат ұсынған жағдайда биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының QazVac вакцинасын алған қызметкерлерінің КВИ-ге қарсы вакциналануы туралы ақпаратты модульге енгізеді.