Қоғам

Студенттер тауда жоғалып кетті: іздеуге Өзбекстан құтқарушылары тартылды

Өзбекстан құтқарушылары Өгем өзенінің арнасын бойлай Чарвак су қоймасына құятын жерге дейінгі шекара аумағын тексереді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Түркістан облысының тауларында жоғалып кеткен туристерді іздеуге Өзбекстан ТЖМ құтқарушылары  тартылды.

Олар Өзбекстан жағынан Өгем өзенінің арнасын бойлай Чарвак су қоймасына құятын жерге дейінгі шекара аумағын тексеріп жатыр, деп мәлімдеді Қазақстанның ТЖ министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Сайрам-Өгем шатқалында жоғалып кеткен екі туристі іздеу жұмыстары жалғасуда. Таулы рельефтердің болуы және өзендердің қатты ағысы іздеу жұмыстарын жүргізуде қиындық туғызуда, деп атап өтті ведомство.

Студенттер тауда жоғалып кетті: іздеуге Өзбекстан құтқарушылары тартылды

Бүгінгі күнге дейін іздеу жұмыстары ұзындығы 350 шақырымнан асатын тау шатқалдары бойымен жүргізілді. Пилотсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, шамамен 170 шақырым аумақ зерттелді.

"Қазавиақұтқару" АҚ тікұшақтарымен аэровизуальды барлау жасалды. Жалпы екі мыңнан аса шақырым жер әуеден тексерілді.

Студенттер тауда жоғалып кетті: іздеуге Өзбекстан құтқарушылары тартылды

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД, ПД, жергілікті атқарушы органдардан,  ҰҚК Шекара қызметінен, ІІМ Ұлттық гвардиясынан, Ұлттық парктен, Альпинизм федерациясынан 218 адам, 32 бірлік техника, 3 пилотсыз ұшу аппараты, ТЖМ "Қазавиақұтқару" АҚ 2 тікұшағы және туыстары жұмылдырылды.

Еске салсақ, 21 мамырда Назарбаев университетінің студенттері мен мектеп түлегі – барлығы жеті адам тауға шыққан. Топ 21 мамырда "Сары-Айғыр" шатқалына аттанып, 24 мамырда үйге оралуды жоспарлаған.

25 мамырда кешке Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында жеті турист жоғалып кеткені туралы хабар түседі. Анықталғандай, жігіттердің бірі ауырып қалғандықтан, олар екі топқа бөлінген. Үшеуі көмек күтіп қалған, ал төртеуі құтқарушыларды шақыру үшін әрі қарай кеткен.

Бірінші топ аман-есен отбасымен қауышты. Кейінірек екі туристің мәйіті табылды. Қалған екі жігіт іздестірілуде.