НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Павлодар облыстық полиция департаментіне қаладағы 10 мектеп пен 1 колледжге жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қаладағы оқу орындарына қойылған жарылғыш зат туралы хабар 31 мамырда 17.08-де полицияның электронды поштасына түскен.
"Аталған оқу орнындағы барлық адамдар эвакуацияланды. Тіпті, мектептердің іргелес аумағы да қоршауға алынды. Жедел-тергеу тобының мамандары сол жерлерде жұмыс істеп жатыр", – дейді Павлодар облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.
Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабы ("терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Айта кетейік, бұл бап бойынша кінәлілерге 5 мың АЕК-ке дейінгі айыппұл (14,6 млн теңге) төлеу немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Елді осылай дүрліктірудің астарында тіл оқыту бойынша ертең өтетін мемлекеттік емтиханмен тікелей байланысты болуы мүмкін деп болжануда.
Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанда бүлдіршін қыздың оқиғасы бүкіл ауылды дүрліктірді
Бір қызығы мұндай жағдай бұған дейін де, соңғы қоңырау қарсаңында (24 мамырда) Нұр-Сұлтан қаласында болған. Ол кезде белгісіз біреулер осындай пошталық тізімді Нұр-Сұлтан мектептеріне жіберген. Сол мезетте-ақ білім ордасындағы барлық адамдар эвакуацияланғанымен, жарылғыш заттар табылмаған.