Экономика

Сенат ЕАЭО-да қазақстандықтардың уақыты мен ақшасын үнемдейтін заңды қабылдады

Қазір азаматтар кедендік процедуралар барысында алты түрлі кедендік төлемдер мен салықтар төлейді. Заң қабылданғаннан кейін уақыт пен қаржы шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Парламент сенаты Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ЕАЭО туралы шарт 2015 жылы 1 қаңтарда күшіне енгенін, ал Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі екі жылдан кейін, яғни 2017 жылы қабылданғанын еске салды.

"Кеден кодексінің нормаларына сәйкес аванстық төлемдер институтын енгізу көзделген. Осыған байланысты шартқа тиісті түзетулер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Алдағы төленетін кедендік төлемдер мен салықтар, өсімпұлдар мен пайыздар есебіне енгізілген ақша аванстық төлем деп танылады", - деді министр сенат отырысында.

Айтуынша, қазір азаматтар кедендік тазарту кезінде алты түрлі кедендік төлемдер мен салықтарды төлей алады.

"Хаттаманы ратификациялау сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға уақыт пен қаржы шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді", - деді Жамаубаев.

Атап айтқанда, біріншіден, кедендік декларациялау үшін кедендік алымды, кедендік бажды, қосылған құн салығын, акцизді, арнайы, демпингке қарсы және өтемақы бажын төлеу үшін бірнеше төлем тапсырмаларын пайдалану қажеттілігіне байланысты шығындарды барынша азайту көзделіп отыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстан қантсыз қала ма – сарапшылар жауабы

Екіншіден, қолда бар аванстық төлемдерді уақытша сақтау қоймаларында орналастыру, кедендік құнды растау, сараптама жүргізу және тағы басқа операциялар кезінде кедендік баждарды төлеу жөніндегі міндеттерді орындауды қамтамасыз ету ретінде пайдалануға болады.

Үшіншіден, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар осы төлемдерді пайда болған берешекті өтеу үшін пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

Кеден органы аванстық төлемдерді енгізген тұлғаның өтінішімен оған аванстық төлемдер ретінде енгізілген ақшаның жұмсалуы туралы есеп береді.

Министр хаттаманы ратификациялау Қазақстан үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайтынын және республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейтінін атап өтті.

Парламент сенаты заңды бірауыздан қабылдады.