Қоғам

Назарбаев өзіне тағы бір ескерткіш қоюға қатысты пікір білдірді

Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай кейбір адамдар ақпарат кеңістігінде әдейі шу шығаруды көздейтін секілді деп кейіді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзіне ескерткіш қою туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірді.

Соңғы күндері халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы Түркістанда Елбасыға ескерткіш орнату туралы идеясымен бөліскен болатын.

"Елбасы осы және бұған дейін де болған бірқатар идеяны қолдаған жоқ. Оған ескерткіш орнату, архитектуралық нысандардың атын өзгертумен байланысты мұндай "сыйлықтар" ұнамайды. Әсіресе, оны шенеуніктер ұйымдастырып жатса", – деді тұңғыш президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай.

Үкібай кейбір адамдар ақпарат кеңістігінде әдейі шу шығаруды көздейтін секілді деп кейіді.

"Ол жаңа жобаларға өз есімін беруге келіскен жалғыз ілікті жағдай университет пен зияткерлік мектептерге қатысты", – деп мәлімдеді Елбасының баспасөз хатшысы.

2021 жылдың сәуірінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы кезінде университетке өз есімін беруге не себепті келіскенін айтып берді.

"Мен оның табысты болғанын қаладым. Ол табысты болды, оны бүкіл әлем таниды", – деді тұңғыш президент Назарбаев университеті туралы.

Оқи отырыңыз: Назарбаевқа ашылған жаңа ескерткіш: сіз білмейтін бес дерек

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың сырт кейпі Нұрсұлтан Назарбаевқа ұқсайтын биік мүсіннің жанында түскен суреті қызу талқыланды. Мәжіліс депутаты өткен жылы қыста атақты мүсінші Тілеуберді Бинашевтың шеберханасында болып, оның қолынан шыққан туындылардың жанында суретке түскенін айтты. "Қалғанының барлығы – әлдекімнің сандырағы" – деді Перуашев.

2020 жылдың шілдесінде Қазақстанның бас қаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа ескерткіші пайда болды. Ол мүсін тұңғыш президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің алдында бой көтерді.