НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда жыныс ауыстыру операциясы мемлекет есебінен жүргізілмейтінін мәлімдеді.
Министр өткен жылдың соңында жыныс ауыстыру туралы бұйрыққа неге қол қойғанын түсіндірді.
Жыныс ауыстыру – бұрыннан қозғалып келе жатқан мәселе екенін атап өткен министр 2003 жылдан бері осыған қатысты қабылданған бүкіл нормативтік құжаттың бірдей екенін алға тартты.
Оның айтуынша, бұл ережелер Кеңес одағы кезінде де болған. Цой министрлікке қызметке келген кезде халық денсаулығы туралы кодекс қабылданып, оны іске асыру үшін нормативтік құқықтық актілерді қайта шығаруға тура келген.
"Осылайша, мен маған дейін көп жыл бұрын бекітілген бұйрықты қайта басып шығардым. Жалпы, Қазақстанда жыныс ауыстыру операциялары өте аз және мемлекет есебінен төленбейді. Бұл тек азаматтардың таңдауы. Олар мемлекет бюджетінен, қандай да бір сақтандыру қоры есебінен де төлем жасалмайды", – деді Цой Нартай Аралбайұлының YouTube-каналына берген сұхбатында.
Осы ретте журналист министрден "осы бұйрықтан кейін кез келген адам клиникаға келіп, мен жынысымды ауыстырғым келеді деп айта ала ма?" деп сұрады.
"Жоқ, әрине. Мұның процедурасы өте көп. Арнайы комиссиядан өту қажет. Соңғы бес-алты жылда Қазақстанда бұл бағытта ешқандай операция жасалған жоқ. Егер ондай азаматтар болса, олар шетелге шыққан. Ал Қазақстанда мемлекет есебінен жасалмайды және қаржыландыру қарастырылмаған", – деп атап өтті Цой.
Оқи отырыңыз: Цой Біртановпен арақатынасы туралы: "Қазір араласпаймыз"
Айта кетейік, наурыз айының басында желіде Қазақстанда жыныс ауыстыру отасы тегін жасалады деген ақпарат тарады. Алайда денсаулық сақтау министрлігі мұны жоққа шығарды.
Ведомство кепілдендірілген тегін медициналық көмектің тізіміне жыныс ауыстыру отасының кірмейтінін ескертті.