АЛМАТЫ, 26 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы үкімет пен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры Алматы әкімдігімен бірлесіп екінші ЖЭО-ны жаңғырту жобасына қатысты мәселені нақтылауды және оны іске асыруды тапсырды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту жөнінде кеңес кезінде айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Жиында президент қуат беретін жаңа көздерді жаңғыртудың және іске қосудың маңыздылығын атап өтті.
"Үкімет пен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына әкімдікпен бірлесіп, екінші ЖЭО-ны жаңғырту жобасына қатысты мәселені түбегейлі нақтылауды және оны жуық арада іске асыруды тапсырамын. Мұны одан әрі соза беруге болмайды", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл мәселенің стратегиялық мәні бар екенін айтты. Оның сөзінше, Алматы қаласының экологиясы және тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруы аталған проблеманың шешілуіне байланысты.
Оқи отырыңыз: Тоқаев атом станциясын салуға қатысты үрейге бой алдырмауға шақырды
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Жиын барысында мемлекет басшысы атом станцияларын салу, электр энергиясы тарифінің қымбаттауы мәселесін көтерді.