Өңірлер

Соңғы қоңырау қайғылы оқиғамен аяқталды: Қазақстанда екі түлек көз жұмды

Батыс Қазақстан облысы мен Қостанай қаласында соңғы қоңырау күні екі оқушы суға батып кетті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Сейсенбіде Қостанайда тоғызыншы сынып оқушысы мен Батыс Қазақстан облысында он бірінші сынып түлегі суға кетті.

Қостанайда мектептегі салтанатты сап түзеуден кейін 2005 жылы туған жасөспірім достарымен бірге Тарелочка көліне шомылуға барған. Бұл туралы жергілікті "Наша газета" басылымы хабарлады.

"Олар шомылған жердің суы таяз болған. Бірақ суға батқан бала әрірек жүзіп, сүңгіп кеткен. Мәйітті тапқан біздің сүңгуірлердің айтуынша, суайдынның тереңдігі 3 метрге дейін жетеді. Өлімнің себебі сараптамадан кейін белгілі болады", - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орымбаев.

Өткен жылы Қостанай облысында 21 адам суға батып кетті, оның ішінде төрт бала ата-анасының қарауынсыз қалған.

Оқи отырыңыз: Бейнеуде соңғы қоңырау күні жаппай төбелес болды – видео 

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында да қайғылы оқиға болды. Мектеп түлегі жабдықталмаған жерде жүзіп, суға батып кетті, деп жазды "Мой город". Сағат 19.24-те жергілікті тұрғындар оның денесін судан алып шықты. Жас жігіттің атасына қонаққа келгені белгілі болды, ол құрдастарымен бірге суайдында демалған.

Бұдан бір күн бұрын, яғни 24 мамырда Теректі ауданында 16 жастағы бозбала суға батып кеткені хабарланған болатын.