Қоғам

Биыл қазақстандықтар қажылыққа бара ала ма – жаңа шарт жарияланды

Сауд Арабиясы 2021 жылғы қажылыққа байланысты жаңа талаптарды жариялады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр - Sputnik. Сауд Арабиясы биылғы қажылыққа қатысты арнайы талаптар жариялады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қажылық бөлімі Корольдіктің денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

2021 жылғы қажылыққа 60 мыңнан аспайтын адам күтілуде. 18-ден 60 жасқа дейінгі азаматтар өтініш бере алады. Шетелдіктерге қажылықтан тыс басқа аудандарға баруға тыйым салынады.

Қажылыққа баратындар Сауд Арабиясында ресми бекітілген вакциналардың екі компонентін де алған болуы керек. Бұл ретте екінші дозаны Корольдікке барудан 14 күн бұрын салуы қажет.

Айта кету керек, бұл тізімнің ішінде Қазақстанда салынып жатқан вакциналар жоқ:

  • Pfizer-BioNTech,
  • AstraZeneca,
  • Johnson & Johnson,
  • Moderna.

Қажылыққа баруды жоспарлап отырған кез келген адам өз елінің құзыретті органдарынан бекітілген вакциналардың бірін алғандығы туралы анықтама алуы керек. Анықтама алғаннан кейін ол Сауд Арабиясының шетелдегі елшіліктерінде заңдастырылады.

Оқи отырыңыз: Рамазан айында Меккеге бару шарттары хабарланды

Сонымен қатар қажылыққа баратындардың сапардан кемінде 3 тәулік бұрын тапсырылып, теріс нәтиже көрсетілген ПТР-анықтамасы болуы шарт.

Сауд Арабиясының денсаулық сақтау министрлігі қажыға баратындар Мекке аймағында бір жерден екінші жерге барғанда барлық ережелерді қатаң сақтаулары керек деп атап өтті. Сондай-ақ қабылданған талаптарды толық сақтауы қажет.

Сауд Арабиясы 2021 жылғы қажылыққа әр елден шақырылатын адамдар санына қатысты мәлімет жариялаған жоқ. Қажылыққа қатысты қосымша ақпарат пен талаптар кейінірек хабарланады.