Қоғам

Әр балаға – 230 мың теңге: парламентте жәрдемақыны жаңаша төлеу мәселесі көтерілді

Жәрдемақыны жаңаша есептеу баланың және ананың қажеттіліктерін өтеуі тиіс дейді депутаттар
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр — Sputnik. Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы балаларға арналған жаңа жәрдемақыны енгізуді ұсынды. Депутаттар үкіметке ресми сауал жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бүгінде жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтімі бойынша төленетін ай сайынғы жәрдемақы бір бала үшін 16 802 теңге, екінші балаға – 19 865 теңге, үшінші балаға – 22 898 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 25 961 теңгені құрайды. Сонда күніне бір балаға 560-865 теңге шығады. Анасына ештеңе төленбейді. Ал сотталған бір адамның тамағына күніне 1018 теңге жұмсалады", - деді Айжан Ысқақова мәжілістің жалпы отырысында.

Оқи отырыңыз: 440 мың отбасы алды: еңбек министрлігі жәрдемақыға қатысты мәлімет берді

Осы орайда депутат биылғы номиналды жалақының мөлшерін еске алды. Бірінші тоқсанда республика бойынша оның көлемі 230 829 теңге болған. Ал үш баласы бар отбасыда бір ғана адам жұмыс істесе, әрбір балаға 46 мың теңге ғана шығады. Жәрдемақыны есептеген күннің өзінде ол ақша отбасының барлық шығынын жабуға жетпейді. Себебі балалардың киім-кешегінен бөлек қосымша білім алу және тағы басқа шығындар бар.

"Осыны ескере отырып, "Қазақстан халық партиясы" фракциясының депутаттары барлық жәрдемақы түрлерін қысқартып, соның орнына әрбір балаға 18 жасқа дейін орташа жалақы көлемінде әмбебап жәрдемақыны енгізуді ұсынады. Осы жәрдемақы баланың және ананың қажеттіліктерін өтеуі тиіс", - деп атап көрсетті Ысқақова.

Бұдан бөлек, фракция депутаттары бала күтімін 3 жылға дейін ұзартуды ұсынды.