НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр — Sputnik. Қытай тұрғындарының бестен бірі 60 жастан асқан. Мұны жетінші жалпыұлттық санақ мәліметтері көрсетті, деп хабарлады Хабар 24.
Өзге мемлекеттермен салыстырғанда бұл ел тез қартайып келеді. Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы зерттеу орталығының мәліметінше, осы үрдіс сақталса, елдің негізгі зейнетақы қоры 15 жылдан кейін таусылатын түрі бар. Соңғы 10 жылда Қытайда бала туу жасындағы әйелдер мен дүниеге келген сәбилер саны азайған.
Халық санағы ел тұрғындарының 19% егде жасқа келгенін көрсетті. Соңғы 10 жылда 60 жастан асқан кісілердің саны 5 процентке артты, ал 18 бен 59 жас аралығындағы адамдардың саны 7 процентке азайған. Сарапшылардың болжамынша, бұл ең алдымен зейнетақы жүйесіне әсер етеді. Он бес жылдан кейін елдің негізгі зейнетақы қоры кеми бастайды, ал 2050 жылы оның дефициті 11 триллион юаньнен асады.
"Халықтың қартаюы салдарынан жұмысқа жарамды адамдар саны азаяды, отбасылардың егде жастағы адамдарды күтуге кететін шығыны мен уақыты артады және негізгі мемлекеттік қызметтер жүйесіне қосымша қысым жасайды. Өзге жағынан бұл құбылыс "күміс экономиканың дамуына", қарияларға арналған тауарлар мен қызметтердің көбеюіне және технологиялық прогресті ілгерілетуге түрткі болды", - деді ҚХР мемлекеттік статистикалық басқармасының жетекшісі Нин Цзичжэ.
Алайда күміс экономиканы өрлетуге зейнеткерлердің қаражаты жетер ме? Өйткені негізгі зейнетақы мөлшері жоғары емес, әсіресе ауылдарда. Сонымен қатар Қытайда жыл сайын балалар саны азайып келеді. Бала туудың орташа коэффициенті – 1,3. Ал халық санын бір қалыпта ұстау үшін ол 2,1-ден төмен болмауы керек. Бала табу жасындағы әйелдер саны да азайған.
Қытайда түсініксіз құбылыс болды: үрейі ұшқан адамдар жапа-тармағай қашты – видео
"Бұл - күрделі мәселе. Бір бөлігін өзгертсе де, бұл жалпы проблеманы шешпейді. Бала дүниеге келгеннен бері өзі отау құрғанша, оған экономикалық және психологиялық қысым жасалады", - деп атап өтті ҚХР қоғамдық ғылымдар академиясының сарапшысы Ван Гуанчжоу.
Халықтың қартаюы экономикалық өсімді бәсеңдетеді. Мәселен, болжам бойынша, Жапонияда бұл үрдіс алдағы 40 жылда жалпы ішкі өнімнің 40 процентке қысқаруына әкелуі мүмкін. Ал Қытай өзге елдерден гөрі тез қартайып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл тұрғыда кешенді шаралар қабылдау қажет. Тек егде жастағыларға емес, жұмыс істейтін адамдар мен жас отбасыларға да қолдау көрсету керек.