АЛМАТЫ, 24 мамыр – Sputnik. Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген шығармашылық ізденісті бір сәтке тоқтатпай, жаңа бейнебаян түсіріп жатыр. Жыл соңына дейін шет мемлекеттердің бірінде концерті өтіп, өзінің тыңдармандарымен қауышуы да мүмкін. Оның бәрі эпидахуалға байланысты шешіледі. Бұл туралы Димаш Құдайбергеннің әкесі – Қанат Айтбаев айтты.
Қанат Айтбаев Sputnik Қазақстан тілшісінің сұрақтарына жауап беріп, әншінің шығармашылығындағы жаңалығы мен туған күнін қалай тойлайтынын айтып берді.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген бүгін, 24 мамырда 27 жасқа толды.
"Димаш Астана мен Алматы қаласында біраз шығармашылық адамдарымен бірге жұмыс істеп жатыр. Еуропалық, америкалық продюсерлермен де жұмыстар атқарылуда. Ол үнемі шығармашылық ізденісте. Жақында "Be with me" әніне бейнебаян түсірілді. Бұл Димаштың шығармашылығын тағы бір қырынан көрсететін жанр болды деп есептейміз. Басқа да әндер жазылып жатыр", – деді Қанат Айтбаев.
Димаш Құдайберген келесі бейнебаянын комозитор Ренат Гайсиннің әніне түсіріп жатыр. Түсірілім жұмыстары аяқталған соң ол туынды да көрерменге жол тартады.
Әңгіме барысында әншінің шетелге шығып, концерт беруі жайлы да сұрадық.
"Пандемияға байланысты әлем бойынша көптеген өнер адамының жоспарлаған концерттері тоқтатылды емес пе? Қазір жағдай жақсарады деген үміт бар. Соған байланысты жоспарлар көп, түрлі елдерден ұсыныстар келіп жатыр. Ресейде, Беларусь елінде өтетін шараларға шақыртулар алдық. Амандық болса, барамыз деген ой бар", – деді Айтбаев.
Сонымен қатар жылдың аяғына дейін әлемдегі эпидемиологиялық жағдай жақсарса, жағдай қалыпқа түскен елдерде Димаштың концерттері өтуі мүмкін. Алайда қазір нақты күнін атау мүмкін емес, себебі мұның бәрі эпидахуалға байланысты белгілі болады.
"Көптеген басқа елдермен жұмыс істейтін болғандықтан жұмыс сол елдердің заңнамалық талабына сәйкес іске асады. Түрлі жоспар бар. Нақты айта қою қиын. Тыңдармандарға оны уақыты келгенде хабарлайтын боламыз", – дейді әншінің әкесі.
Димаш туған күнін қалай тойлайды
Димаштың туған күні отбасында, ата-анасы мен бауырларының ортасында өтеді. Жанкүйерлері бірнеше күннен бері құттықтау хаттарын жолдап жатыр.
"Туған күніне арнап үлкен отырыс жасамаймыз. Туған-туыстар жан-жақтан хабарласып, құттықтап жатады. Көптеген елдегі Димаштың тыңдармандары сәлемдерін жолдап жатады. Қазірдің өзінде әр елдегі тыңдармандардан құттықтаулар, жеделхаттар келіп жатыр. Осы сәтті пайдалана отырып, сол кісілердің барлығына алғыс айтқым келеді. Ықылас-пейілдеріне шексіз ризамыз. Өнер адамын қанаттандыратын көрерменнің жылы сөзі, ыстық пейілі. Қашан да тыңдарманның елеп-ескеріп, құттықтау жолдауы әншінің көңілін қанаттандырып, сезімін серпілтеді", – дейді Айтбаев.
Айтуынша, Димаш әр хатқа, әр тыңдарманның ақжарма тілегіне шын қуанады.
"Отбасымызда туған күнді тойлауға қатысты ешқандай дәстүр жоқ. Риясыз, шын көңілден айтылған құттықтау, дастархан басында отырып, бір-біріне жылы сөз айту – өзіміз үшін бағалы, таптырмайтын сый. Димаштың өзі де үйдегі кісілердің туған күнін ешқашан ұмытпайды, әсіресе аналары мен қарындасына құшақ-құшақ гүл сыйлағанды жақсы көреді", – дейді ол.
Айтуынша, отбасында туған күнге қатысты сақталып қалған дәстүр болмаса да, отырыс үлкендердің батасын алудан басталады. Ең алдымен ата-әжесінің батасын алып, шай үстінде бір-бірін құттықтайды. Әңгіме барысында балалық шақтағы қызық оқиғалар сөз болады.
Бүгін ғана әншінің Youtube-тегі каналында өзінің балдырған кезінде түсірілген видеосы туған күніне орай жарияланды. Ол жерде көрермендер Димаштың бір жарым жасар кезінде түсірілген видеоның бір бөлігін көре алады.
Димаш туралы не білеміз
Дінмұхаммед Құдайберген 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбеде танымал әншілер Қанат пен Светлана Айтбаевтардың отбасында дүниеге келген. Қазақ ұлттық өнер университетін "Эстрада вокалы" мамандығы бойынша бітірді.
Димаш бала кезден түрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Алайда жас әншінің бағын Витебскте өткен "Славян базары – 2015" халықаралық ән байқауы ашты. Әнші конкурста гран-приді жеңіп алды.
Осыдан кейін жас орындаушы Қытайдың "Мен әншімін" жобасына қатысып, талантымен миллиардтар елін таңғалдырған еді. Сөйтіп 2017 жылы Димаш жобада екінші орын алды.
Оқи отырыңыз: "Халқымыздың мәртебесін көтеріп тастадың": Димаш Иманбекті жеңісімен құттықтады
Димаш MTV Music Awards жүлдесінің иегері, "Азияның ең танымал әншісі", "Top Chinese Music Awards", "Халықаралық деңгейдегі ең танымал әнші", "Жылдың ең үздік әншісі" номинацияларының жеңімпазы. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде Димаштың мыңдаған тыңдарманы бар.
2021 жылы Димаш Құдайберген АҚШ президенті Джо Байденнің инаугурациясы апталығының ашылуына арналған шарада өнер көрсетті. Әнші қазақтың халық әні "Самалтауды" орындады.
Димаш атасы мен әжесінің тұңғыш немересі, кішкентай кезінен сол кісілердің бауырында өскен. Димаштың Раушан есімді қарындасы мен Әбілмансұр есімді інісі бар.
Барлығы бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Димаш Құдайберген 2019 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды.