НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен табысты келіссөз жүргізгені туралы жазды.
Тараптар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға уағдаласты.
"Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен табысты келіссөз жүргіздім. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға уағдаластық. Келешектегі саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындадық", - деп жазды президент.
Келіссөзде Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудың, өңірлік диалогты, атап айтқанда, бес мемлекет басшыларының консультативтік кездесуі деңгейінде дамытудың өзектілігі ерекше аталып өтті.
"Сондай-ақ ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨЫСШК аясындағы ықпалдастықты талқыладық", - деп түйіндеді президент.