Әлем

Байден Еуроодақпен қарым-қатынасты түзеуге кірісті

Германия сыртқы істер министрі Хайко Маас америкалықтардың жаңа санкциялардан бас тартуын "Германияға қарай қадам" деп бағалады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ басшысы Джо Байден қатысатын саммит жақындаған сайын Вашингтон өзінің келіссөздер жүргізу позициясын нығайтуға тырысып жатыр.

РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Рейкьявикте өткен келіссөздері барысында америкалықтардың "Солтүстік ағын – 2" жобасына қатысушы неміс компанияларына жаңа санкция салудан бас тартатыны туралы ақпарат тарады, деп жазды РИА Новости.

АҚШ сұйылтылған табиғи газ экспортын арттырды
Бұл кездейсоқ болды. Мемлекеттік департамент өткен жылдың желтоқсанында қабылданған шаралардың орындалу барысы туралы конгресс алдында баяндама жасауға тиіс еді. Оның қатарында "Солтүстік ғын – 2" жобасына қатысқан, сондай-ақ оператор қызметін атқаратын Nord Stream 2 AG неміс компаниясын жазалау да бар. Алайда аяқ астынан ешқандай жаза қолданылмайтыны белгілі болды.

Жақында ғана америкалық Colonial Pipeline құбыр желісіне жасалған шабуылды меңзеген кейбір америкалықтар мұндай шешімге наразылық білдірді. Ал сенатор Тед Круз Байден әкімшілігін Ресей мүддесін жақтайды деп айыптады.

Қайткенде де қазір демократтар үшін ішкі саяси мәселе аса маңызды болып отырған жоқ. Оның үстіне тіпті республикашылдардың өзі де Байденнің жаңа санкциялар енгізуден бас тартуына Берлинмен қарым-қатынасты шиеленістіргісі келмеуі себеп болғанын жақсы түсініп отыр.

Жаңа санкциялар АҚШ пен Ресей қарым-қатынасына қалай әсер етер еді? Ешқандай. Америкалықтар көптен бері "Солтүстік ағын – 2" жобасына кедергі келтіруге тырысып жатыр. Соның салдарынан жоба құрылысы тым ұзаққа созылып кеткені белгілі. Бірақ немістер газ құбырын тартудан бас тартпай отыр. Сол себепті кезекті санкцияларды Берлин Америка немістердің мүддесі және позициясымен әлі де санаспайды деп қабылдайтыны белгілі.

"Солтүстік ағын – 2" жобасының құрылысы қазанға дейін аяқтала ма?
Жаңа санкциялар Берлин позициясын өзгерте алмас еді. Керісінше олар АҚШ-ты өздерімен есептесуге итермелейтін шешім қабылдайтын еді. Қазір Германияда сайлауалды науқан жүріп жатқанын да назарға алу керек. Сондықтан Байден осындай айрықша кезеңде Германиямен қарым-қатынасты одан ары шиеленістіргісі келмейді. Есесіне маусымға жоспарланған Еуропа бойынша іссапар кезінде ол атлантикалық ниеттестік қалпына келгенін, Америка мен Еуропа достық байланысты үзбегенін әлемге паш еткісі келеді.

Америкалықтардың аяқталғалы тұрған жобаға кедергі болмауы дұрыс шешім болып көрінеді. Әйтсе де немістер мен жобаға қатысушы еуропалықтардың АҚШ-тың айтқанына көнуі екіталай еді. Сол себепті қазір Байден Еуроодақпен қарым-қатынасты реттеуге кірісті.

Германия СІМ басшысы Хайко Маас америкалықтардың жаңа санкциялардан бас тартуын "Германияға қарай қадам" деп бағалап, мұны "Берлин АҚШ-тың болашақта үлкен үміт артатын маңызды серіктесі" деп атады.

Қалай болғанда да осы жылдың күзінде Германияда жаңа коалиция қалыптасқаннан кейін "Солтүстік ағын – 2" жобасының айналасындағы шиеленіс қайта жалғасатын секілді. Құрылысы аяқталып қалған жобамен күресуге "жасыл экономиканы" жақтаушылар кірісуі мүмкін. Себебі олар аталған газ құбырын экологиялық апат деп бағалауда. Осы шешуші кезеңде немістерге өздерінің ұстанымдары мен позицияға беріктігін дәлелдеуге тура келеді.