Қоғам

Әсел Айтпаеваның ісі: марқұмның әпкесіне екі қыз хабарласқан

Грузияда қайтыс болған қыздың әпкесі алыс туысының заңсыз бизнесі туралы жаңа ақпарат таратты  
Sputnik

АЛМАТЫ, 18 мамыр – Sputnik. Грузияда қаза тапқан Әсел Айтпаеваның әпкесі Әселдің өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген туысы тағы екі қызға шетелде жұмыс істеуді ұсынғанын айтты, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Айна Айтпаеваның айтуынша, оның отбасына жасырын түрде екі қыз хабарласқан. Олар іс бойынша күдікті Мұрат Мейірбековтің өздерін шетелге жұмысқа шақырғанын айтқан.

"Егер оны бөтен біреу шақырса, біз жібермес едік. Ол өзі де бармас еді. Біз соған сендік, туыс деп ойладық. Ол Мұрат шетелге шақырған бірінші қыз болмай шықты. Екі қыз бізге Instagram арқылы хабарласты", - деді Айна Айтпаева.

Әсел Айтпаеваның қазасы

Айта кетейік, 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтпаева Грузиядағы үйінің терезесінің астынан өлі табылды. Бойжеткен ол жаққа көлік сатумен айналысатын автосалонға жұмысқа кеткен. Қайтыс боларының алдында қыз өзін мазақ етіп, қорқытқанын айғақтайтын аудио жіберген.

Әсел Айтпаеваның өлімі: Қазақстан Грузияға жедел тергеу тобын жібереді

Әсел Грузияға өзінің алыс туысы – немере әпкесінің күйеуі Мұрат Мейірбековтың шақыруымен жұмыс істеуге барған. Ол қыздың өліміне қатысы болды деген күдікпен ұсталды. Сондай-ақ іс бойынша күдіктілердің қатарында Грузия азаматы да бар.

Қазақстан Грузияға тергеу тобын жіберді. Кей мәлімет бойынша, Әсел адам саудасының құрбаны болған.

Тергеу барысын Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова өз бақылауына алды.