Қоғам

Ashyq қосымшасы: "қызыл" статуспен емін-еркін жүргендер жазаға тартылуы мүмкін

Тоғжанов денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық режимді бұзатындарға әкімшілік шара қолдану механизмдерін пысықтауды тапсырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Қазақстанда карантин режимін сақтамайтын адамдар әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Бұл туралы вице-премьер Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ashyq бағдарламасы азаматтар арасында шектеу шараларын өрескел бұзатындар саны артып отырғанын көрсетті. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі әділет министрлігімен және бас прокуратурамен бірге санитарлық режимді бұзатындарға қатысты тиісті әкімшілік шараларды қолдану механизмдерін пысықтауы қажет. Қазір осындай шараларды қолға алсақ деген ниет бар", - деді ол үкімет отырысында.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Ashyq енгізілгелі бері 3 256 адамда "қызыл" және "сары" статус шыққанын мәлімдеді. Оның ішінде 1867 адамда ПТР-тест оң нәтиже көрсетсе, 1389-ы науқастармен байланыста болған.

Оқи отырыңыз: Мамин денсаулық министрлігіне вакциналау интервалын нақты анықтауды тапсырды 

Ashyq – кәсіпкерлерге карантин кезінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жоба. Мобильді қосымша қоғамдық орындарға баратын адамдарды тіркеп, кәсіп иесіне коронавируспен ауырған адамдар туралы ақпарат береді. Ол үшін мекемеге келген адам арнайы QR-кодты сканерлейді. Адамның статусы түрлі-түсті форматта көрсетіледі.

"Қызыл" статус – ПТР-тест оң нәтиже көрсеткен адамдарда шығады.

"Сары" статус – адамның вирус жұқтырғандармен байланыста болғанын білдіреді.

"Көк" түстегілерге ПТР-тест міндетті саналатын орындарды қоспағанда, жүріп-тұруға шектеу қойылмаған.

"Жасыл" түс ПТР-тест теріс нәтиже көрсеткен адамдарда жанады.