Өңірлер

"Не керегі бар": шымкенттік кәсіпкерлер мониторингтік топтың жұмысын сынға алды

Кәсіпкерлер пікірімен келіспеген әкімдік пен полиция өкілдері өз жұмыстарын талапқа сай жүргізіп жатқанын айтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Шымкентте бір топ кәсіпкер мониторингтік топтар қаншалықты қажет деген мәселені көтерді. Жеңіл тамақтану орындарының өкілдері желкелеп жетіп келетін тексерушілердің шаршатқанын алға тартты, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Айтуларынша, олар кәсіпкерлерді қолдаудың орнына тығырыққа тіреп жатыр.

"Сан сылтаумен айыппұл салуға әзір тұратын олар қысылтаяң шақта шағын кәсіп иелерін басы артық шығынға батыруда" дейді. Яғни, келушілердің бетпердесіз жүргені үшін таяқтың бір ұшы кәсіпкерлерге тиюде. Сондықтан бұл мәселені бір жақты етуді сұрап отыр.

"Ashyq қосымшасына тіркелгенбіз. Сол арқылы бізді электронды түрде қадағалап отыр. Ал енді мынандай мониторингтік топтың, жеке адамдардың келіп қадағалауының не керегі бар?! "Мониторинг группаданбыз" дейтін олардың не куәлігі, не басқасы жоқ. Видеоға түсіріп алады да, СЭС-ке тапсырады. Олар тек айыппұл салады. Басқа ешқандай түсініктеме жұмыстары жүргізілмейді", – дейді жеке кәсіпкер Бақытжан Сәрсекбаев.

Алайда мұнымен келіспеген әкімдік пен полиция өкілдері жұмысты талапқа сай жүргізіп жатқандарын айтады. Сондықтан енді кәсіпкерлер палатасының өкілдері мәселені зерттеп, зерделейтін болды.

"Олардың рейдтік шаралары толық құрамда шыққан кезде ғана заңды болады. Олар бизнес нысандарына жалғыз бара алмайды. Мониторингтік топтарға қатысы жоқ қызметкерлердің рейдті жүргізуі де заңсыз болып табылады. Мұндай жағдайда кәсіпкерлер оларды жібермеуге құқылы", – дейді Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәбира Адамбекова.

Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты Ashyq қосымшасын сынап тастады