НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңес хатшысы Әсет Исекешев пен қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады, деп хабарлады Elbasy.kz.
"Аппарат Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысына материалдарды дайындады. Отырыста екі мәселе қаралады. Біріншісі – Қарулы күштерді құру және дамыту тұжырымдамасы туралы, екіншісі – шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде. Бірінші мәселе бойынша қорғаныс министрлігімен бірлесе отырып, негізгі басым бағыттар мен іске асыру кезеңдері анықталды. Сондай-ақ үкіметпен бірге қаржыландыру және тұжырымдаманы іске асыруға қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі кәсіпорындардың қатысуы мәселелері қаралды", – деді Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев.
Ал қорғаныс министрі жаңа тұжырымдама жобасында көрініс тапқан армияны құрудың негізгі бағыттары туралы толық ақпарат ұсынды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің аппаратына бірқатар нақты тапсырма берді.