Спорт

Биыл күзде Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық жарыс өтеді

Райымқұлованың айтуынша, халықаралық спорт турнирін былтыр өткізу жоспарланған. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты шара 2021 жылға ауыстырылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Биыл күзде Алматыда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық сайыс өтеді. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәдениет министрінің халыққа есеп беру кездесуінде тұрғындардың бірі атақты спортшы Денис Тенді еске алу жарысын өткізу жоспарда бар ма деп сұрады.

Райымқұлованың айтуынша, Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық спорттық турнирді былтыр өткізу жоспарланған. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты шара 2021 жылға ауыстырылды.

"Халықаралық коньки тебушілер одағы 2021 жылы қазан айында "Алматы арена" мұз айдынында Денис Тенге арналған халықаралық жарыс өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл сайысқа 10 мемлекеттен 100-ден аса спортшы қатысады деп жоспарлануда", – деді министр.

Халықаралық шараның қалай өтетіні эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. 

"Десе де, халықаралық деңгейдегі ауқымды шараны осы жылдың күзіне жоспарлап отырмыз", – деді ведомство басшысы.

Денис Теннің өлімі

Денис Тен 2018 жылы 19 шілдеде 25 жасында көз жұмды. Көлігінің айнасын ұрлағандарды тоқтатпақ болған спортшыны ұрылар сан тұсынан пышақпен жарақаттаған.

2019 жылдың 17 қаңтарында сот спортшының өліміне қатысты сотталушыларға үкім шығарды. Қарақшылық және кісі өлтіру бабы бойынша айыпты деп танылған Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов 18 жыл бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ қылмыс болғанын біле тұра, құзырлы органдарға хабар бермегені үшін Жанар Толыбаева 4 жылға сотталды.

Оқи отырыңыз: Жарқ етіп сөнген бір ғұмыр: Денис Тен туралы не білеміз?