Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бес мәрте чемпионы, Олимпиада-2014 қола жүлдесінің иегері, әлем чемпионатының үш дүркін чемпионы, халықаралық конькимен сырғанаушылар рейтингінде 9-орындағы спортшы - мұның барлығы да қазақстандық Денис Тен туралы. Ол - 2018 жылға дейін Қазақстанға олимпиада ойындары, әлем чемпионаты, қысқы Азия ойындары және гран-при кезеңінен медаль алып келген алғашқы және жалғыз спортшы. Сондай-ақ, Денис Тен әлемде бильман атты элементті жасай алатын санаулы спортшылардың бірі.
Олимпиада ойындарының болашақ жеңімпазы 1993 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол Кореядағы әйгілі генералдың ұрпағы болғандықтан, көшбасшы және батыл болу маңдайына жазылған десе де болады. Анасы - кәріс, әкесі - еврей, отбасында екі бала бар. Мәнерлеп сырғанаушы "Біздің отбасымызда біреуіміз - спортшы, екіншіміз - өте ақылдымыз. Кімнің кім екенін біліп тұрған шығарсыздар" деп жиі әзілдейтін.
Ата-анасы баласының бойындағы жан-жақтылықты ерте жасынан байқайды. Денис бір уақытта спорттың бірнеше түрімен қатар айналысып, би билеп, ән айтып, сурет салған. Арасында күшін теннис, акробатика және жүзуге бағыттап көреді. Каратэ және тхэквондомен де айналысады. Музыка мектебінде 5 сынып оқып, фортепианода ойнап, хорда ән айтты. Бірақ кейін бұлардың барлығын конькиге алмастырды.
2002 жылы ол Кореядан отанына халықаралық хор ойындарынан күміс медаль алып келді. Бірақ әрі қарай спорт пен музыканы қатар алып жүре алмайтынын түсініп, мәнерлеп сырғанауды қолға алады. 2003 жылы 10 жасар қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы танымал жаттықтырушы Елена Буянованың көзіне түсіп, Мәскеуге келіп жаттығуға шақырылды.
Араға 7 жыл салып Денис Теннің өмірі түбегейлі өзгереді. Ол халықаралық деңгейдегі мәнерлеп сырғанаушылардың жаттықтырушысы Фрэнк Кэрроллмен бірге жұмыс істейді. Спортшы Калифорнияға көшіп барып, Лос-Анджелес қаласында жаттығады.
Тен күн-түн демей жаттыққанына қарамастан, оқуын да қатар алып жүреді. 2014 жылы Қазақстандағы спорт және туризм академиясын үздік бітіріп, қызыл диплом алды. Денис мұнымен шектеліп қалмай, тағы да оқуға тапсырды. Ол мұнай саласында магистратураны тәмамдауды жоспарлаған болатын.
"Корейге қарағанда, қазақ екенімді ұқтым"
"Көпшілік үшін ерекше саналатын бұл күні не жазарымды білмей отырмын. Жазудың да қажеті бар ма екен? 25 жыл бұрын мен тура осы күні дүниеге келдім. Солай болып қалды. Бұл менің ата-анамның арқасы. Атымды ағам қойған екен. Кейін анам мені түрлі үйірме мен секцияға берді. Ал әкем отбасымызды асырап бақты. Мен бар болғаны махаббат пен қамқорлыққа бөлендім. Менің бойымда кәріс пен еврей ұлтының қаны ағып жатыр. Жалпы мен кіммін? Мен не істедім? Білмеймін. Бірақ осының барлығы менің бақытты болуыма септігін тигізді. Мен өмірді жақсы көремін. Ата-анамды жақсы көремін. Адамдарды жақсы көремін. Сүйгенді сүйемін. Және осымен бөліскім келеді. Дәлірек айтсам, мен емес, менің кейіпкерім. 25 жасымда әлемде басқа қырынан тани бастадым", - дейді Денис Тен өзі туралы.
Сондай-ақ, ол сұхбаттарының бірінде корейге қарағанда өзінің қазақ екенін ұққанын айтты. Бұлай деп айтуына жарты жыл уақыт тарихи отанында тұрып көруі себеп болған екен.
Денис Тен 12 жасында Қазақстан чемпионатында жасы үлкен мәнерлеп сырғанаушылармен сайысып, жеңіске жетеді. Алайда жасына байланысты халықаралық сайыстарға бармай қалады. Бір жылдан кейін Тенге бір саты жоғарылауға мүмкіндік туып, Нидерландыға аттанады. Жасөспірімдер арасындағы гран-приде 10-орынды иеленеді.
Жеңіске оңай жеткен жоқ. Денис Тен екі маусым бойы кәсіби шеберлігін шыңдағанымен, жүлделі орындарды иеленбеді. Есесіне 2008 жылы Минскіде өткен гран-при кезеңінде үздік нәтиже көрсетті. Францияда 4-орын алды. Бұл жеңісі өз кезеңінде финалға өтіп, 5-орын алуына көмектесті.
2008 жылы Тен Ресейдің астанасына мемлекеттің кубогына қатысу үшін барады. Мәнерлеп сырғанаушы IV кезеңде өнер көрсетіп, ресейлік әріптесі Владимир Успенскийдің алдын орап кетті.
2008-2009 жылдар Денис Тен үшін аса табысты болды. Құрлықаралық чемпионатқа алғаш рет қатысып отырғанына қарамастан, 9-орыннан көрінді. Ал жасөспірімдер арасындағы чемпионатта 4-орын алды. Алайда басты жетістік қазақстандықты Лос-Анджелес қаласында күтіп тұрды. "Стэйплс" орталығындағы 18 мың көрермен Денис Тен мен оның әріптесі Эван Лайсачекке ғана тік тұрып қошемет көрсетті. 15 жастағы Денис әлемдік біріншіліктегі ең жас спортшы атанды.
2009 жылғы Лос-Анджелесте өткен әлем чемпионатының нәтижесі бойынша Денис Тен лидерлер ондығына кіріп, елі үшін Канаданың Ванкувер қаласында өтетін XXI қысқы олимпиадаға 2 жолдама ұтып алды.
Денистің карьерасындағы әділетсіздік
2010 жылғы олимпидада ерлер біріншілігінде Денис Тен 11-орын алып, олимпиада сайыстарының финалына жолдама алған алғашқы қазақстандық болды. Жаттықтырушысы Буяновамен жұмысты тоқтатқаннан кейін Фрэнк Кэрроллдың шәкіртіне айналды.
2011 жылдың қысында Денис Тен отанында өтіп жатқан VII қысқы Азия ойындарына қатысып, алтын медаль жеңіп алды. Осы жылы Хорватияда өткен 44-ші "Алтын коньки" сайысында күміс жүлде, ал Ыстамбұлда алтын алды.
2013 жылы Канадада өткен әлем чемпионатында Тен ұпай саны бойынша рекорд орнатып, екінші орынды иемденді. Бірінші орынды иеленген Патрик Чан екеуінің ұпай санының айырмашылығы аз болды. Көптеген жанкүйер бірінші орынға қазақстандық спортшының лайық екенін айтып шулады. Евгений Плющенко және өзге де Американың Джонни Вейр, Тодд Элдридж секілді мәнерлеп сырғанаушылары, расымен де, бірінші орынға Теннің лайық болғанын айтты. Бұл тек бірнеше спортшының пікірі емес. Америкалық журналист Моника Фридлендер Тенге де алтын медаль беруді сұрап петиция жазды. Ол мыңдаған қол жинап, халықаралық конькимен сырғанаушылар одағына жіберді. Өкінішке орай, оның бұл әрекеті нәтижесіз болды.
2014 жылы 21 жастағы спортшы тағы да үздік нәтиже көрсетті. Денис Тен Сочиде өткен қысқы олимпиада ойындарына қатысып, үшінші орыннан көрінді. Бұл - қазақстандық спортшы жеңіп алған алғашқы олимпиада жүлдесі.
Осы жылдың желтоқсан айында Денис Загребтегі сайысқа қатысып, үйіне "Алтын коньки" байқауынан басты жүлдені алып келді. 2015 жылдың басында Тен жаттықтырушылары мен жанкүйерлерін Сеулдегі өнерімен қуантты. Спортшы құрлықаралық байқауда үздік нәтиже көрсетіп, бұрынғы жетістіктерін жақсартты.
"Жанкүйерлерімді мәңгілік еместігіме дайындап келдім"
Қытайда өткен әлем чемпионатында Денис Тен қарсыластары чемпионадар болғанына қарамастан, қола жүлдені жеңіп алды. Спортшының Шанхайдағы видеосы мыңдаған көрілім жинады.
2015 жылы денсаулық жағдайына байланысты Милуокиде өткен гран-при кезеңінде нашар өнер көрсетеді. Кейін Канададағы сайысқа барудан бас тартуға мәжбүр болады. 2016 жылы жамбас буынына зақым келіп, құрлықаралық чемпионатқа қатыса алмай қалады. Осы кезде мәнерлеп сырғанаушы Николай Морозовта жаттыға бастайды.
"Қазір мені асығыс шешім қабылдауға дайын деп ойлайсыздар ма? Жоқ, менің алда уақытым көп. Ертең ақырзаман бола ма? Жоқ. Ертең мен мұз айдынына шықпасам, менің немесе басқа адамдардың өмірі өзгере ме? Жоқ. Спорт өте қатал. Жүрегіңді жұлып алғандай деп айтып жатады. Иә, расымен де, сен ұзақ уақыт бойы бақылап келген адам өмірінің бір кезеңіне нүкте қойғанда, бойыңды бір жағымсыз сезім билейді. Мен әрдайым өзімнің жанкүйерлерімді мәңгілік емес екеніме дайындап келдім. Олардың жан-жақты болғандарын қалаймын және өзім оларға үлгі болғым келеді. Бірақ бүгінгінің аңыз адамдары ерте ме, кеш пе әйтеуір бір ұмытылады. Ал менің қазіргі мақсатым - жай ғана емделу", - дейді Денис Тен Qazsport арнасына берген сұхбатында.
2016 жылдың қараша айында олимпиада алдындағы көрсеткіштерін жақсартып, Парижде өткен сайыста күміс жүлдені иеленеді. 2017 жылы Тен Алматыда өткен универсиадада үздік нәтиже көрсетеді. Араға үш апта салып Тен Жапониядағы қысқы Азия ойындарында үздік ондыққа кіреді.
Осы жылы Финляндияда өткен әлем чемпионатының үздік екінші ондығының құрамына кіріп, Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін олимпиадаға қатысуға жолдама ұтып алады.
2018 жылы мәнерлеп сырғанаушы Пхенчханға аттанды. Тен әйгілі генерал атасының арқасында бұл сайыстың өзі үшін орны бөлек екенін айтып өтті. Қысқа бағдарламадан кейін Денис тек 27-орыннан көріне алды. Бұған көптен бері жарақаттарын емдемей сайыстарға үздіксіз қатыса беруі себеп болды. Олимпиаданың алдында ұзақ уақыт Кореяда тұрып, сол жақта емделді.
Спортшы сүйген қыз
Денис Тен үздік спортшы ғана емес, қыздардың жүрегін жаулаған сымбатты жігіт болды. Жапониялық Naver Matome журналы құрастырған сымбатты мәнерлеп сырғанаушылар тізімінде Денис Тенге 9-орын берілген.
Жұлдыз өзінің жеке өмірін сырт көзден жасырып келді. Жанкүйерлері Ванкуверде өткен олимпиадада чемпион атанған Ю На Ким екеуінің арасында сезім бар деп топшылады. Сочиде өткен олимпиада ойындарының соңында екеуі жұп болып сырғанаған еді. Кейін Денис өзінің Instagram парақшасында бірге түскен суреттерін жариялады. Алайда Денис Тен сұхбаттарының бірінде Ю На Киммен көптен бері араласатынын, оның әйгілі спортшы екенін және қатты сыйлайтынын айтып өтті. Сондай-ақ, араларында тек достық қарым-қатынас бар екенін нақтылады.
Десе де, спортшы мектепте оқып жүрген шағында өзінен бірнеше жас кіші қызға ғашық болғанын және болашақта оған үйленуді жоспарлағанын жасырмады. Мұны өзі бала махаббат деп атап, қазір де күле отырып еске алатынын айтқан-ды. Кейін мәнерлеп сырғанаушы қайтыс болғаннан кейін отандық басылымдардың жетекшісінің бірі Денис Теннің өмірінің соңғы айларын қызына, отбасына және спорттан басқа қызығушылықтарына жұмсағанын айтып берді. Көпшілік халықтың жүрегінде есімі мәңгі сақталатын спортшының қызы соңғы бейнебаянындағы ару деп болжады. Арудың есімі белгісіз болса да, түр-әлпетінен қазақ қызы екенін байқауға болады.
Спортшының нәзік жандыларға тілегі
"Аяулы арулар, жігіт қауымының өздеріңізді аптасына жеті күн 24 сағат бойы ойлайтынын жақсы білетін шығарсыздар. Ал 8 наурыз мерекесінде үш есе көп ойлайды. Өзіңізді өзгемен салыстырған сайын ерекшелігіңізді жоғалтатыныңызды ұмытпаңыз. Сіздерге біреуден сымбаттырақ немесе дәулеттірек болудың қажеті жоқ. Сіздер онсыз да өз алдыларыңызға қайталанбайтын тұлғасыздар. Өздеріңізді бар қалыптарыңызда қабылдауды үйреніңіздер. Өздеріңізді жақсы көріңіздер", - дейді ол.
Сондай-ақ, спортшы нәзік жандылардың бақыты жанындағы сүйіктісіне тәуелді болмауы керектігін айтты. Осы орайда, ол қыздарға гүл секілді құлпыруды тіледі.
"Адамдар гүлдердің түсін немесе жапырақтарын сынамайды. Олар біздің әлеміміздің көркі. Тірі, бриллиант секіді бағалы. Олардың сұлулығына үздіксіз қарай беруге болады. Бірақ олардың ешкім ешуақытта басы бүтін иеленбейді. Ал егер біреу иеленіп жатса, бұл гүлдің өлгенін білдіреді. Сол секілді сіздер де әрдайым "тәуелсіз" болыңыздар. Сіздер құлпырған сайын әлем де нұрлана түседі", - деп жазды Денис Тен әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бос уақытында Денис Тен сурет түсіріп, ән айтқанды ұнататын. Сондай-ақ, ол әннің мәтінін де, сөзін де өзі жазатын еді. Досы Димаш Құдайберген екеуі бір сахнада тұрып өнер көрсетуді армандады. Спортшы көз жұмғаннан кейін Димаш бұл жоспарларын жалғыз өзі Лондонда өткен концертінде орындады.
Денистің арманы
Бұдан өзге Денис Тен өзі құрастырған сценарий бойынша фильм түсіруді армандады. Оның бұл арманын енді танымал режиссер Тимур Бекмамбетов орындамақ. Соңғы сұхбаттарының бірінде спортшы жанкүйерлерінің тілегін қабыл алып, Денистің сценарий бойынша түсірілетін фильмнің түсірілім жұмыстары жаңа жылдың басынан шетелде басталатынын айтты.
Спортшының қазасынан кейін әйгілі жаттықтырушы Фрэнк Кэрролл карьерасын осымен тәмамдайтынын хабарлады. Ол өзінің сұхбаттарының бірінде "Екі шәкіртім карьерасын қай кезде аяқтаса, мен сол кезге дейін осы іспен айналыса бермекпін" деп айтқан еді. Осы екі шәкіртінің бірі - Денис Тен.
"Қазір менің жасым сексенге келді және бұдан былай мен мәнерлеп сырғанаушылар үшін жауапкершілік алғым келмейді. Менің қаншама рет ұшақпен ұшқанымды сіздер тіпті елестете де алмайсыздар. Мен бұл нәрсемен көп уақыттан бері айналысып келемін. Рахаттанып саяхаттағым келеді. Бұдан былай жарыстарға барғым келмейді. Ассоциация, мәнерлеп сырғанаушылар алдында жауапкершілік сезінбесем деймін. Сондай-ақ, мәнерлеп сырғанаушылардың күйзеліске түскен сәтін көргім келмейді", - дейді жаттықтырушы сұхбаттарының бірінде.
Орны толмас қаза
2018 жылдың 19 шілдесінде БАҚ беттерінде Денис Тенді тапа-тал түсте ұрылардың пышақтап кеткені туралы жаңалық жарияланды. Араға бірнеше сағат салып оның көз жұмғаны белгілі болды.
25 жастағы спортшы көлігінің айнасын ұрлағандарды тоқтатпақ болып ұрылармен төбелескен. Кейін ұрылардың біреуі пышақ алып шығып, оны жарақаттаған. Көп қан жоғалтқандықтан, дәрігерлер көмектесіп үлгермеді. Спортшы жансақтау бөлімінде есін жимастан көз жұмды.
"Қазақстанның белгілі спортшысы, 2014 жылғы қысқы олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Юрьевич Теннің қайғылы қазаға ұшырағаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Орны толмас қазаға байланысты көңіл айтамын. Денис Тен мәнерлеп сырғанаудың отандық мектебін қалыптастыруға және дамытуға, Қазақстан спортын жоғары деңгейде ілгерілетуге зор үлес қосты. Оның жарқын жетістіктері еліміздің абыройын асқақтатып, жастар арасында спортты дәріптеуге септігін тигізді. Таланты әлемнің көптеген елдерінде мойындалған Денис - даңқты спортшы ғана емес, сондай-ақ бітімі ерекше тұлға, Қазақстанның нағыз патриоты еді. Денис Юрьевич Теннің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады", - деді Елбасы.
Денис Теннің өлімі барша қазақтандықты ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Геннадий Головкин маңызды кездесу алдындағы Америкада өтіп жатқан жаттығуларын тастап, жерлеу рәсіміне дереу ұшып келді. Марқұмның шетелдік достары әлеуметтік желі арқылы бұл жағдайдың өзекті өртейтінін жазып, жақындарына көңіл айтты. Алматы және Астана қалаларында өткен қоштасу рәсіміне мыңдаған адам келді. Тіпті, спортшының ата-анасы халықтан мұндай қошемет күтпегендерін айтып көзге жас алды.
Денис Тен небәрі 25 жаста еді...