Фото

Өмір мен өлім, жеңіс пен жеңіліс: соғыс суреттері

Sputnik

Ресми мәліметке сәйкес, Ұлы Отан соғысы жылдарында 400-ден астам әскери тілші соғыс даласында еңбек етті. Олардың қатарында Макс Альперт, Евгений Халдей, Яков Рюмкин, Анатолий Гаранин, Всеволод Тарасевич, Марк Марков-Гринберг сынды танымал фотографтар да бар.

Әскери фотографтардың от пен оқтың ортасында жүріп, өз өмірлерін бәйгеге тіккені айтпаса да түсінікті. Олар соғыс даласындағы жағдайды суретке түсіріп, ахуал жайлы нақты деректер ұсынып отырды. Бұл соғыс жоспарын құру барысында өзекті рөл атқарды.

Кейде фотографтар арнайы құрастырылған көркем суреттер де түсірді. Бұл кадрлар мерзімді басылымның бірінші беттеріне басылып, соғыс кезінде кеңес халқын рухтандыруды мақсат етті. Әскери репортерлар мен танымал кадрлар жайлы біздің фотолентада.

Оқи отырыңыз: Отанға оралу: Ржев маңында қазақстандық жауынгерлердің сүйегі табылды – видео

Макс Альперт (1899-1980) — кеңестік фотограф және фоторепортер. Ол кеңестік репортажды суреттер топтамасын алғаш қолданғандардың бірі. Соғыс жылдарында Альперт тылда да, ұрыс даласында да еңбек етті.

Яков Рюмкин (1913-1986) — Ұлы Отан соғысы басталған уақыттан бері "Правда" газетінің фототілшісі қызметінде болды. Оның Сталинград шайқасы кезінде түсірген суреттері көбірек танымал. Украина, Молдова, Румыния, Венгрияны азат етуге фототілші ретінде қатысқан. Берлиндегі шайқасты да суретке түсірген.

Евгений Халдей (1917-1997) — ол соғыстың барлық 1418 күнінде иығына "Leica" камерасын асынып, Мурмансктан Берлинге дейін жүріп өтті. Ол түсірген іс-шаралардың қатарында сыртқы істер министрлерінің Париждегі кеңесі, Қиыр Шығыстағы жапондардың жеңілісі, Потсдамдағы одақтас держава басшыларының конференциясы секілді көптеген жиын-кеңестер бар.

Анатолий Гаранин (1912 - 1990) — Ұлы Отан соғысы кезіндегі ең мықты соғыс репортерінің бірі. Соғыс жылдарында "Фронтовая иллюстрация" газетінің тілшісі. Кеңес Армиясының түрлі майдандағы соғыс әрекеттерін суретке түсірген.

Марк Марков-Гринберг (1907-2006) — соғыс басталған алғашқы күннен бері майданда жүрген. Ол соғысқа байланысшы ретінде қатысқанымен, соғыс пен демалыс минуттарының ерекше сәттерін суретке түсіріп отырған. 1943 жылдан бері "Слово бойца" газетінің фототілшісі болған.

Всеволод Тарасевич (1919-1998) — кеңестік фотожурналистиканың классигі. Ұлы Отан соғысы басталған шақтан бері Солтүстік-Батыс саяси басқаруының, кейіннен Ленинград майданының фототілшісі болған.

1 / 25
Макс Альперттің "Комбат" атты танымал жұмысы. Бұл сурет соғыстың символына айналды. Суретте: 18-армия 4-атқыштар дивизиясы 220-атқыштар полкінің кіші саяси жетекшісі Алексей Еременко жараланған рота командирі орнына тұрып, солдаттарды қарсы шабуылға бағыттау кезінде көз жұмды.
2 / 25
Гитлершілер белорус ауылын өртеп жіберді. Беларусь, 1944 жыл.
3 / 25
"Рейхстагтағы Жеңіс белгісі" кадры, 1945 жыл. Бұл сурет соғыстың аяқталуын бейнелейтін Берлиннің ең танымал фотосы ретінде тарихқа енді.
4 / 25
Фашистік Германияның Кеңес Одағы аумағына басып кіруін хабарлау кезінде көшеге жиналған Мәскеу тұрғындары, 1941 жылдың 22 маусымы.
5 / 25
Соғыстың тағы бір танымал суреті. Фотода: кеңестік автоматшылар Граф айлағында соғысып жатыр, 1944 жыл.
6 / 25
Кеңестік әйелдер мен балалар үйлеріне оралуда. Автор бұл фотоны "Туған ауылға қайтқанда" деп атады, 1943 жыл.
7 / 25
Мәскеу түбінде тұтқынға алынған немістер бейнеленген сурет, 1941 жыл.
8 / 25
Барлаушылар қорғаныс шебінен өтуде, 1943 жыл.
9 / 25
"Бейбітшілік естеліктері" атты туынды. Сталинград, 1943 жыл.
10 / 25
Әскери фотограф Анатолий Гаранин Ұлы Отан соғысы кезіндегі ең әсерлі кадрлардың бірін түсіріп алды. "Сарбаздың өлімі" атты сурет фоторепортаждың классикасына айналды. Суретте: Қырым майданы, Керчь бағыты, 1942 жылдың сәуір-мамыр айлары.
11 / 25
Соғыс кезіндегі артиллериялық есеп, Солтүстік Кавказ, 1943 жыл.
12 / 25
Зенитшілер азат етілген Севастополь аспанын күзетіп тұр, 1944 жыл.
13 / 25
Жау қоршауындағы Ленинград тұрғындары аязды күні сынған су құбырынан су алып жатыр, 1942 жыл.
14 / 25
Сталин атындағы механизация және моторизация әскери академиясы жанындағы танк полкі соғысқа аттанар алдында. Мәскеу, 1941 жылдың маусымы.
15 / 25
Ленинградтағы Нева даңғылындағы аэростаттар, 1941 жыл.
16 / 25
Атыс кезінде анасы баласын денесімен бүркеп жатыр. Красная слобода ауылы, Брянск майданы, 1941 жыл.
17 / 25
Граф айлағы жанындағы Севастополь қирандыларындағы тұтқын немістер, 1942 жыл. Бұл сурет Севастопольді қорғау кезінде түсірілген.
18 / 25
Қызыл Ту орденді гвардиялық авиация полкінің жауынгерлері Ұлы Отан соғысы кезінде Севастополь аспанында, 1944 жыл.
19 / 25
Кеңестік сарбаздар хаттарды сұрыптап жатыр. 2-Беларусь майданы. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы.
20 / 25
Мобилизация. Жауынгерлер легі майданға қарай бет алуда. Мәскеу, 1941 жылдың 23 маусымы.
21 / 25
Оқу-жаттығу кезіндегі сарбаздар, Брянск майданы, 1942 жыл. Оқу-жаттығу кезінде танк сарбаздар жатқан окоптан өтіп жатыр.
22 / 25
Омолица ауылының тұрғындары Югославия жеріне бірінші болып ұшып келген кеңестік ұшқыш Семен Бойкоға қошемет көрсетуде, 1944 жыл.
23 / 25
Берлиндегі Александерплацтағы әскери реттеуші Мария Шальнева, 1945 жыл.
24 / 25
Мәскеу, 1945 жыл. Жеңіс шеруі. Жеңілген фашист армиясының жалаулары Кремль қабырғасына қарай жығылуда.
25 / 25
Әуедегі шабуылдан қорғану әскерінің прожекторлары Мәскеу аспанын жарықтандырып тұр, 1941 жылдың маусымы.