Қоғам

15 жасар жасөспірімді ұрып-соққан: Аягөз интернатында жанжал өрши түсті   

Бейнебақылау камераларына тәрбиеші баланы соққыға жыққан сәт түсіп қалған. Бала жарақат алды, сот-медициналық сараптама тағайындалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Аягөз балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тағы жанжал шықты. Бейнебақылау камерасына тәрбиешінің 15 жасар жасөспірімді ұрып-соққан сәті түсіп қалған.

Бұл туралы баланың қамқоршысы саналатын мекеме директоры Шолпан Мақашева мәлімдеді. Ол орталық тәрбиешілері тарапынан қатыгездік фактісі бойынша құқық қорғау органдарына жүгінген.

"Дәрігер-психиатрдың қырағылығы мен бейнебақылау камераларының арқасында болған оқиғаға жедел мониторинг жүргізілді. Қатыгездік көрсету бойынша бірден құқық қорғау органдарына, прокуратураға, аудандық әкімдікке хабарланды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына баяндалды. Видеокамералардағы жазбалар құқық қорғау органдарына берілді", - дейді балалар үйінің директоры Мақашева. 

Мұны Шығыс Қазақстан облысының ақпарат орталығы жариялады.

Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі бойынша (кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) қылмыстық іс қозғалды. Дене жарақатын салу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полиция баланың бет пен мойын аумағында жарақат бар екенін анықтады.

Заңға сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жай-жапсары жарияланбады.

"Қазіргі уақытта бұлтартпау шарасы мәселесі шешілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындау жоспарланған", - деп хабарлады аудан әкімдігі.

Айта кетейік, іс облыс прокурорының ерекше бақылауына алынды. Оқиға орнына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат барды.

Интернаттағы балалар өлімі

2020 жылдың көктемінде Аягөз балалар арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында, психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға арналған интернатта болған жағдай қоғамдық резонанс тудырды. Осы орталықтан оннан астам бала "қызылша" диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасына түсті. Бірнеше балада ішек инфекциясы анықталды. Төрт бала қайтыс болды.

Оқи отырыңыз: Аягөз интернатындағы төрт баланың өлімі: сот дәрігерлерге үкім шығарды

2020 жылдың желтоқсанында төрт тәрбиеленушінің қазасына қатысы бар деген үш дәрігер шартты мерзімге сотталды. Сотталушылар өз кінәсін мойындады.