АЛМАТЫ, 23 желтоқсан – Sputnik. Аягөздегі балаларға арналған арнайы қызмет көрсету орталығының төрт тәрбиеленушісі қайтыс болуына байланысты үш медицина қызметкері шартты мерзімге сотталды.
Аягөз аудандық соты үш медицина қызметкеріне қатысты үкім шығарды. Қайтыс болған балалардың ата-анасы жоқ болуына байланысты зардап шеккен тарап ретінде балаларға арнайы қызмет көрсету орталығы қатысты.
Сот отырысында судья Берғали Мергенбаев істің мән-жайын айтып берді. Ол бұл іске үш баланың қатысы болғанын, алайда сәуірде төрт бала қайтыс болғанын айтып өтті.
"Балалар ауырған кезде олардың қызуы көтеріліп, әлсіздік басталған. Осы медицина қызметкерлері оларға көмек көрсетті. Алайда диагноз дұрыс қойылмай, балалардың жағдайы нашарлады. Оларды аудандық ауруханаға апарды, бірақ ол уақытта кеш болды, дәрігерлер ештеңе істей алмады, балалар қайтыс болды", - деп жазды судьяның сөзін өңірлік YK.kz басылымы.
Мергенбаевтың айтуынша, балаларға "іріңді пневмония" диагнозы қойылған, сонымен қатар оларда коронавирус анықталмаған.
Үш дәрігердің екеуі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлігі (медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адам өліміне әкеп соғу) бойынша деп айыпталды. Олар бір баланы емдеген. Оларға екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Аягөз орталығының үшінші қызметкеріне Қазақстан Қылмыстық кодексінің 317-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылды (медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу). Ол үш баланы емдеген. Оған үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үш сотталушының барлығы 1 жыл 6 айға медициналық көмек көрсетуге байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Сотталғандарға қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 63-бабы негізінде пробациялық бақылау белгілене отырып, жаза шартты деп есептелетін болды. Сотталушылардың бірі зейнеткер екені, қалған екі медицина қызметкерінің кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырғаны, біреуінің жүкті екені ескерілді. Ауыптаушылар өз кінәсін мойындады.
"Сотталушылардың жеке тұлғасы шартты жаза қолдануға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді судья Берғали Мергенбаев.
Сот отырысы процессуалдық келісім аясында өткізілді. Яғни, сотталушылар прокурормен келісім жасасып, сотқа келді. Олардың барлығы өз кінәсін мойындады.
Осыны ескере отырып, сот іс бойынша дәлелдемелерді зерттеген жоқ және сотталушылардан жауап алған жоқ. Жәбірленуші тарап келісімге қарсылық білдірмеді. Осылайша, кінәні мойындау туралы келісім жасалды.
Сот 317-баптың 3-бөлігі ауыр емес қылмыстар санатына, осы баптың 4-бөлігі орташа ауыр қылмыстар санатына жататынын айтты.
Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасалған жағдайда үкімнің заңдылығы мен негізді екенін апелляциялық инстанция тексереді.
Интернат тәрбиеленушілері қайтыс болды
18 мамыр күні Аягөздегі арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын балалар орталығы, психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған мектеп-интернаттың төрт тәрбиеленуші қайтыс болғаны белгілі болды.
Сондай-ақ, осы орталықтың оннан астам баласы қызылша диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Тіпті, кейбіреулерінен ішек инфекциясы анықталды.
Аягөз интернатындағы балалар зорланғанын айтқан
Осы оқиғадан бірнеше ай бұрын интернат тәрбиеленушілері өздерін зорлағанын айтып шағымданған. Бұл туралы Total.kz порталы жазған болатын. Тәрбиеленушілер түсірген видео 2019 жылы тамызда пайда болды.
Видеода балалар 2019 жылдың наурызында өздерін зорлағанын, ал басқа балаларды 2018 жылы зорлағанын айтты. Балалар бұл жайлы орталық директорына айтқан, алайда ресми қамқоршысы ешқандай шара қолданбаған.
2020 жылдың ақпан айында қылмыс құрамының болмауына байланысты іс жабылды. Екі айдан кейін интернаттың төрт тәрбиеленушісі бірінен соң бірі қайтыс болды. Сараптама олардың ми жарақатын алғанын анықтады.
Интернатты кім басқарды
2011 жылдан 2019 жылдың күзіне дейін 10 жылдай Аягөз қаласының арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын Қайрат Темірханов басқарды. Оның алдында ол ішкі істер органдарында қызмет атқарған, кейін Аягөз гарнизоны әскери прокурорының көмекшісі болды. Заң саласында дипломы бар. 2019 жылдың соңынан бастап балалар өліміне дейін интернатты директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Жанар Мұстафаева уақытша басқарды.