Елорда тынысы

Дәрігерлер коронавирустан емделіп жатқан ардагерді мерекемен құттықтады – видео

Иван Михайлович аурухана дәрігерлерінің көрсеткен құрметіне риза болып, қуаныштан көзіне жас алды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтанда дәрігерлер инфекциялық стационарда коронавирустан емделіп жатқан соғыс ардагерін Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Иван Михайлович Ботев ауруханаға 27 сәуірде ауыр жағдайда түсті. 5 мамырда денсаулығының нашарлауына байланысты жансақтау бөліміне ауыстырылды.

Дәл бүгін ардагердің отбасы жанында болмаса да ақхалаттылар оны назардан тыс қалдырмай, арнайы құттықтады.

"Ардагерімізді құттықтаусыз қалдыра алмадық. Олардың ерлігін есте сақтау – біздің парызымыз. Бір өкініштісі, науқас 9 мамыр мерекесін аурухана қабырғасында атап өтуге мәжбүр. Сондықтан біз оған мерекелік көңіл-күй сыйлағымыз келді. Әрбір науқастың тезірек емделіп, отбасына оралуын күні-түні тілейміз. Қарамағымыздағы ардагеріміздің де тезірек жазылып шығуын тілейміз. Қартайған шағын бала-шағасының қасында өткізуі керек!" – деді көпсалалы медицина орталығы басшысының жұқпалы аурулар қызметі жөніндегі орынбасары Татьяна Цечоева.

Иван Михайлович аурухана қызметкерлерінің көрсеткен құрметіне риза болып, қуаныштан көзіне жас алды.

Тағы оқыңыз: "Басымды көтерсем, жанымда адам еті жатыр": алматылық ардагер қан майданды еске алды

Иван Михайлович Ботев 1925 жылы 20 қыркүйекте Кемерово облысында дүниеге келген.

1943 жылы 13 қаңтарда Кеңес армиясы қатарына шақырылды. Соғыс жылдарында 1-ші Беларусь майданындағы шайқастарға қатысты.

Соғыс аяқталғаннан кейін, 1945-1971 жылдар аралығында әскер қатарында,  қатардағы жауынгерден ракеталық күштер штабының бастығына дейін көтеріліп қызмет етті. Полковник шенімен зейнетке шыққан.

Ардагер II дәрежелі Отан соғысы орденімен, "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін" медалімен, одан бөлек 18 мерейтойлық медальмен марапатталған.

Қазір науқас инвазивті емес тыныс алдырту аппаратына қосылған және толық сауығып шыққанға дейін стационарда жатады.