Өңірлер

"Басымды көтерсем, жанымда адам еті жатыр": алматылық ардагер қан майданды еске алды

© Sputnik / Айгерім ТаубайАрдагер Сәрсен Қамбар Әмірұлы
Ардагер Сәрсен Қамбар Әмірұлы - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.05.2021
Жазылу
17 жасында қан майданға аттанған Қамбар Сәрсен қазір Алматы қаласында тұрады. Соғыста жүріп бір жылда бес орден алған. Барлаушы майданда үш рет жарақат алған

АЛМАТЫ, 9 мамыр – Sputnik. 1941 жылы басталған соғысқа 1,8 миллионға жуық қазақстандық аттанды. Оның ішінде 600 мың сарбаз отанына оралмады. Оралғандар арасында қан майданда жарақат алып, қолы не аяғынан айырылып келгендер қаншама... Енді бірі бірнеше рет жарақат алса да еңбекке жарамды азаматтар қатарын толықтырып, елдің келешегі үшін соғыстан кейін де еңбектенді. Соның бірі – алматылық 97 жастағы Қамбар Сәрсен ақсақал.

Қостанай облысының алақандай ауылында 9-сыныпты енді бітірген бала суық қаруды көрмеген еді, қан судай аққан соғыстың не екенін білмеді. Қос құлынын майданға аттандырған ана жүрегі бірнеше жыл тыныштық таппай, тілеуін тіледі. Мұндай жағдай әрбір үйде болды. Біреу жарын, біреу баласын майданға шығарып салды. Алайда соғыс бітті деген хабар жер-жерге жеткенше қаншама адам қара қағаз алды, енді бірі жақынымен байланыс үзілгенімен үміт үзгісі келмеді. Бұл – сол заманның шындығы.

Соғыс ардагері Қамбар Сәрсен Sputnik Қазақстан тілшісіне 17 жасында өзімен бірге соғысқа кеткен бозабала шағы жайлы айтып берді. Сұрапыл жылдар жайлы бәрі күні кеше болғандай баяндады.

Бір үйдің баласындай...

Бала Қамбарды 1942 жылы 12 тамызда әскерге әкетті. Әскерден Ресейдің Тюмень деген қаласына апарып, өзі секілді елдің әр жерінен жиналғандар сол жерде жарты жыл хабар күтті. Соғыс тактикасын меңгерді. Сосын 1943 жылы күзге қарай фронтқа аттанды. Мәскеу облысына апарған соң, ол жақта 3-4 ай болған. Жақынынан жырақта жүрген бозбала бір күні шын қуанды. Бір ауылда өскен өзімен тетелес үш жігітті көріп, бір-бірін құшақтаумен болды.

Қамбарды өзіне жақын тартқан ауылдастары "Сен орыстардың арасында жалғызсың. Сұран. Төртеуміз бірге болайық" деп ұсынды. Алайда жарты жыл бойы басқа жігіттердің арасында жүрген жас Қамбар "сендермен бір жүрген жақсы ғой, бірақ мен сұранып сендермен бірге бармаймын" деп жауап қатқан. Себебі 60 кісі 6-7 айдан бері бір үйдің баласындай соғыс туралы бірге ойланған еді. Бірге күліп, бірге мұңайған болатын. Бір адамның басына қиындық түссе, бір-бірімізге көмектесеміз деп ауылдастарының ұсынысынан бас тартқан.

Кейін осы шешімінің игілігін де көріпті.

"Мен сонда дұрыс істедім деп ойлаймын. 1944 жылы төртінші ақпанда ауыр жараландым. Оқ менің кеудеме тиген. 3 және 4 қабырғамды сындырып жіберген. Өкпеден, жауырыннан өткен. Шыққан жерді жыртып жіберетін оқ тиді. Сонда жанымда бір жігіт болды. Менің жарамды танып берді. Арт жағымыздан жарты шақырымнан көбірек жер жазық дала. Біреу-міреу өтіп жатса, пулеметпен атады. Ол жерден өту үшін не жүгіріп, не еңбектеп өту керек. Мен жүгіре де, еңбектей де алмаймын. Қан ауыздан да, мұрыннан, жауырыннан да кетіп жатыр. Әлгі жігіт "плащ палаткаға" жатқызып, еңбектеп сүйреп шығарды", - деп соғыс ардагері қан майданда бірге болған қаруласын еске алды.

Жолдасы сол маңдағы госпитальға жеткізген. Қамбар ата қазір "сол болмаса, жарақат алған жерімде қансырап жан тапсыруым мүмкін еді..." дейді. Осылайша үш ай бойы Калинин қаласында госпитальда жатқан. 12 мамырда қайтадан майданға барды.

"Жарамның сырты сап-сау. Дәрігерлер сыртын емдеп, ішіне дұрыс қарамаған. Оң қолыммен қару ұстай алмай қалдым. Мамырда Беларусь жері салқын болады. Фронтқа барғанда автоматты мойныма іліп, сол қолмен атып жүрдім. Содан соғыстың аяғына дейін барлаушылар ортасында болдым", - дейді ардагер.

Барлаушылар ортасында жүріп бір жылда бес орден алған: I және II дәрежелі "Отан соғысы" ордені, II және III дәрежелі "Даңқ" ордені және "Қызыл Жұлдыз" ордені. 

Барлаушының басынан кешкендері

Қамбар Сәрсен құрамында болған барлаушы солдаттар күндіз-түні жаудың не істеп жүргенін бақылайды. Ақсақал сол кезде басынан өткерген бірнеше оқиғаны айтып берді.

"Барлаушы ротасында елу шақты кісі болдық. Мен – қазақ, бір өзбек, бір түрікмен, екі татар, екі грузин, қалғаны украин мен орыс. Бір жыл бір кісінің баласындай бірге болдық. Сен орыссың, сен басқасын демедік. Біздің түсінігімізде ондай болған жоқ. (...) Барлаушыларды неміс тарапы да іздеп жүреді. Бірде ағаштың арасын қарап жүргенде бізді көріп қалып, пулеметпен атты. Біз жата қалып, артынан қаштық. Біреу ағаштың түбінде сүйеніп отыр екен. Фронтқа бірге барған жігіт еді. Иығынан барып тартып қалса, жүрегіне оқ тиген екен. Отырған жерінде өліп кетті", - дейді Қамбар ата.

Айтуынша, соғыста ақымақтықтан өліп кеткендер де бар.

"Балтық жағасында болғанда жеке үй тұрдық. Барлаушылар дайындалып жүрміз. Үйдің жанында күн түсетін биіктеу жер бар екен. Содан біраздан кейін бір жолдасымызды өлтіріп кеткенін айтты. Барсақ, ол күннің көзіне қыздырынып отырған екен. Бұл – "дурацкая смерть", - дейді ақсақал.

"Беларусьтың біраз жерін біздің әскер босатты. Содан партизанда болған бір-екі бала біздің арамызға келді. Бізге радио арқылы өз бөлімдеріңе оралыңдар деген хабар түсті. Күндіз ол жерге оқ атады. Взвод командирі "мен бірінші жүремін, сен артынан жүр, ешкім қалып кетпесін" деді. 25 шақты кісіміз. Олар жүгіріп өте бергенде оларға оқ жаудырды. Бәрі өтіп кетті. Екі-ақ кісі қалып кеттік: мен және әлгі партизан. Әркім жерін орлап қояды ғой. Тәжірибелі солдаттар минометтің қай жерде атылатынын білеміз. Біз жүгірген кезде бізге оқ атты. Содан оған "ложись" деп өзім жата қалдым. Ол менен 5 метр жерде келе жатқан. Бомба біздің жанымызға түсті. Басымды көтерсем, кісінің еті, кісінің жыртылған киімдері жанымда жатыр. Партизаннан келген солдаттың аяғының астына бомба түсіпті", - дейді соғыс ардагері.

Содан біраз уақыт сол жерде жалғыз жатып, командирға барып, жағдайды баяндаған. Ол кісі "қараңғы түскен соң жаныңа 2-3 жігітті алып, денесін жинап, аты-жөнін жазып кет" деп тапсырма берген.

Соғыстың соңғы күндері

"Беларусь жерін, Латвия, Литва, Польшаны азат етуге қатыстым. Германияның Восточная Пруссия деген провинциясы болған. Соғыстың біткенін сол жерде естідік. Соғыс біткен соң екі айдай Польшаға жіберді. Ол жақта Кеңес үкіметіне қарсы болғандар болды. Сонда жүргенде бізді "особый отдел смерш" дейді. Бір офицерге 5-6 жігітті қосып береді. Күндіз барсаң, поляктың қолында Кеңес үкіметінің, неміс пен Польшаның паспорты бар. Түнде барсаң әйелдер мен балалар бар, еркектер жоқ", - деп еске алды соғыстағы соңғы күндерін.

Соғыс біткен соң үкіметтің бірінші қаулысымен елге ауыл шаруашылық өндірісінің мамандары қайтты. 1945 жылы қыркүйекте Сталин қол қойған тағы бір жарлық шықты. Ол жерде майданда үш рет жараланғандарды елге қайтару туралы айтылған.

"Мен бір рет ауыр, екі рет жеңіл жараландым. Қағаздарын тастамай қалтама салып жүргенмін. Қарашаның басында елге келдім. Менен бұрын 3 жас үлкен туған ағам 1944 жылы соғыста жараланып келген екен. Одан бөлек ағайындар да соғысқа барған, олар да жараланып 1943 жылы оралған. Соғыс біткен соң ауылда мен бірінші болып оралдым. Ағайын-туған қуанып, баласы оралмағандар жылап-сықтап жатты. Кішкентай ауылдан 60 шақты адам соғысқа барды. Содан жиырма адам фронтта шейіт болды", - дейді Қамбар Сәрсен.

Соғыстан кейінгі жылдар

Соғыстан келген соң Қамбар Әмірұлы бір айдай демалып, Қостанай облысы Ұзынкөл ауданында аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болған. Содан оны Алматыға оқуға жіберген. 1947 жылы ішкі істер министрлігінің училищесіне оқуға түсіп, үш жыл оқуын озат бітірген. Содан кейін ішкі істер министрлігінің орталық аппаратына жұмысқа қалдырған.

Жұмыс істеп жүріп, оқу орнына тапсырып, заңгер мамандығын алып шыққан.

"Терлеп-тепшіп жүріп, орта білім алдым. Содан жоғары білім алдым. Ол уақытта мемлекеттік аппараттарда жоғары білім алғандар аз еді. Көбінде орта білім жоқ болатын. 7-8 класс бітіріп келген. Орта білімі жоқтарды кадр бөлімі шақырып, оқуға бар дейтін. Министрлікте 1951 жылы 30 шақты кісі заң бөліміне кешкі оқуға түстік. Отыз адам болған соң лекцияны министрлікке келіп оқитын. Бір жылдан соң жартысынан көбі шыдамай, тастап кетті. Ол кезде таңертең 10-нан 5-ке дейін жеті сағат, кешкі 9-дан 1-ге дейін жұмыс істейміз. Демалыс берген уақытында оқуға барып, отбасы көрмей жүрдік", - дейді ардагер.

Қамбар Сәрсен 1947 жылы полицияға жұмысқа орналасып, 33 жыл бойы ішкі істер саласында қызмет етті. 55 жасында зейнетке шықты. Алайда соғыс көрген, одан кейінгі жылдары еңбекке араласқан аптал азамат бір ай демалыстан кейін Алматыда энергетика саласында қызмет етті. Ол жерде де 17 жыл бойы талмай еңбек етті.

"Біз көргенді ешкім көрмесін"

Жиырма жылдан бері демалыстағы ақсақал қазір теледидар мен ұйқы – менің басты жұмысым деп әзілдейді. Сондай-ақ өзі көрген қиындықты ешкімнің басына салмауын тілейді.

"Жастар біз көрген қиындықты көрмесін. Оқуын жақсы оқып, жақсы маман болып, сол жұмысын абыроймен атқарып, мемлекеттің алдында сыйлы болсын", - деп тілек білдірді соғыс ардагері Қамбар Сәрсен.

Қамбар атамен әңгіме барысында әскери қызмет немесе майдан кезіндегі оқиғадан бөлек тіл, тарих, лингвистика саласын да қаузауға болады. Мыңнан аса қазақ және шетел әдебиеті жеке бөлмесінде тұр. Қолы қалт еткенде кітап оқыған. Алайда кейінгі 25 жылда көз нашар көріп, кітап оқи алмай қалған. Ақсақал "мен оқымаған қаншама кітап бар" дейді...

Жаңалықтар
0