НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Грузияда 26 жастағы қазақ қызының көз жұмғаны туралы ақпаратты тексеріп жатыр.
"Хабар 24" телеарнасының ақпаратынша, Қазақстан азаматы Әсел Айтпаева Грузияда белгісіз жағдайда қаза болды.
"Қыздың туыстары Қазақстанның Грузиядағы елшілігіне жүгінді. Қазір консулдық қызметкерлері ақпаратты тексеріп жатыр, грузиялық полициямен байланыста", - деді Қазақстанның сыртқы істер министрлігіндегілер.
Телеарнаның ақпаратынша, марқұмның сіңлісі қыздың өлер алдында құрбысына аудиожазба жіберіп үлгергенін айтты. Онда белгісіз ер адамның қоқан-лоққы көрсетіп жатқаны естіледі.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, Әсел Айтпаева Грузияға бір ай бұрын ақша табуға кеткен. Ал бірнеше күн бұрын жақындарымен байланысқа шықпай қойған.