НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Арқалықта атылған қарудан екі қыз жарақат алып, аурухана жеткізілді, деп хабарлайды жергілікті Alau.kz басылымы.
Облыстық полиция департаментіне мұндай хабар 3 мамырда ауруханадан түскен.
Тексеру нәтижесінде, 17 мен 25 жастағы қос бойжеткен Маясов көшесімен келе жатқанда, атылған қару дыбысын естіген. Сол сәтте-ақ олардың екеуі де қолы мен аяғынан жарақат алған.
Зардап шеккендер дереу ауруханаға жеткізіліп, оларға тиісті медициналық көмек көрсетілген.
"Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 107-бабы ("денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бапта кінәліге айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады", – делінген хабарламада.
Полицейлер оқиға орнынан пневматикалық қарудың оғына ұқсас затты тапты.
Сондықтан да тиісті сараптама тағайындалды.
Оқи отырыңыз: Алматыда жертөледен қару-жарақ арсеналы табылды: арнайы операция видеосы жарияланды
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары әкесіне тиесілі пневматикалық мылтықты үйінен алып шыққан 15 жастағы жасөспірімді анықтағаны белгілі болды.