Қоғам

Қытайлық вакцинаны кімдерге салуға болмайды - комитет жауабы

Денсаулық сақтау министрлігі Біріккен Араб Әмірліктерінде шығарылған қытайлық Sinopharm компаниясының Hayat-Vax вакцинасының қауіпсіздігі туралы мәлімдеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 мамыр - Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қытайлық Sinopharm компаниясы жасаған және Біріккен Араб Әмірліктерінде шығарылған вакцинаны қолдану ережелерімен таныстырды. Сонымен қатар қандай қарсы көрсетілімдері бар екенін айтты.

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы Hayat-Vax вакцинасы Біріккен Араб Әмірліктерінде 2020 жылдың 9 желтоқсанында тіркелгенін,  ал 30 желтоқсан күні Қытайда тіркеуден өткенін хабарлады. Sinopharm компаниясы осы екпенің әзірлеушісі болған.  

Қазіргі уақытта Hayat-Vax вакцинасының 50 миллионнан астам дозасы әлемнің 30-дан астам еліне жіберілді.

Вакцинаның қауіпсіздігі зерттеулермен дәлелденді. Оны өндіру барысында белгілі, тексерілген технология қолданылады. Осы технологияның көмегімен вирус организмде қорғаныс антиденелерін түзу қабілетін сақтай отырып, жойылады.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша инактивацияланған вакциналардағы адъюванттардың зиянсыз екендігі дәлелденді. Адъюванттар - инактивті вакцинаның құрамындағы қосалқы заттар ретінде олар иммундық жүйені ынталандырады және организмдегі иммунитеттің ұзақтығына ықпал етеді. Hayat Vax вакцинасында консерванттар жоқ", - делінген санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында.

Сонымен бірге сынаудың үшінші кезеңіне 68 000 астам адам қатысқаны, вакциналаудан кейін ауыр аллергиялық реакциялар тіркелмегені хабарланды.

"Қазіргі күні бұл вакцинаның бүкіл әлемде 10 миллионнан астам дозасы қолданылған, ешқандай жағымсыз жағдайлар тіркелмеген. Коронавирусқа қарсы вакцинаның COVID-19 инфекциясына қарсы тиімділігі 79,3%, аурудың орташа және ауыр жағдайларының алдын алуда тиімділігі 100%", - деп атап өтті.

Оқи отырыңыз: Локдаун, коммендаттық сағат және карантин: әлемде не болып жатыр?

Сондай-ақ министрлікте Hayat-Vax вакцинасының да өз ерекшеліктері бар екенін атап өтті.  Препаратты вакцина компоненттеріне аллергиялық реакциясы бар адамдар, жүктілік кезінде, бала емізетін аналар, 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге қолдануға болмайды.

Коронавирустық инфекцияны жұқтырғандарға сауыққаннан кейін 6 айдан кейін вакцина егу ұсынылады.