Қоғам

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні

1 мамыр – мемлекеттік мерекелер санатына кіретіндіктен, жыл сайын осы күні қазақстандықтар демалады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 мамыр – Sputnik. Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұрын 1 мамырда Еңбек күні аталып өтетін. Ал 1995 жылғы 18 қазанда Қазақстан президентінің жарлығымен Қазақстан халқының бірлігі күні бекітілді.

Негізі, бас кезінде осы мейрам "Қазақстан халықтарының бірлігі күні" деп аталған. Ассамблеяның атауы да көптік жалғаумен болды. Бертін келе, оны алып тастады. Негізгі мақсат – Қазақстан халқының біртұтас ел екенін көрсету.

Ал мейрамды мемлекеттік деңгейде бекітудің өзіндік мәні бар. Біріншіден, Қазақстанда 150-ден астам ұлт тұрады. Олардың ішінде қазақтар өзге орыстар, татарлар, өзбектер, украиндар, грузиндер, армяндар, шешендер, ингуштер, беларусьтар, корейлер, қырғыздар және тағы басқалары бар. Басым бөлігі Қазақстанға ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы жаппай депортациялау және эвакуациялау кезінде көшіп келген.

Оқи отырыңыз: Мереке күндері ауа райы қандай болады – синоптиктер болжамы

Дегенмен, тәуелсіздік алғаннан кейін де әртүрлі ұлт өкілдері қазақ жеріне қоныстанды. Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтудің тағы бір себебі, этникалық бейбітшілік пен келісім саясаты – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі.

Қазақстанда жыл сайын 1 мамырдың алдында Ассамблеяның отырысы өтіп тұрады. Биыл да ұйымның XXIX сессиясы ұйымдастырылды. Сол жерде Нұрсұлтан Назарбаев ассамблеяның тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды.

"Елбасы" туралы Конституциялық заңға сәйкес, Қазақстан халқы Ассамбеясын өмір бойы басқару құқығы маған тиесілі. Бірақ мен мүлде бас тартпаймын, үнемі қастарыңызда боламын. Алайда ел президенті бірқатар өкілеттікке ие. ҚХА елдің қазіргі президентіне тірек болуы тиіс. Мемлекет басшысы да Қазақстан халқы Ассамблеясына арқа сүйейді. Сол себепті мен ҚХА-ны басқару құқығын Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым", – деді Назарбаев.

Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан халқы Ассамблеясының құрметті төрағасы болуды ұсынды. Ассамблея осы ұсынысты бірауыздан қабылдады. 

Айта кетейік, 1 мамыр мемлекеттік мерекелер санатына кіреді. Сондықтан жыл сайын осы күні қазақстандықтар демалады. Биыл мейрам сенбіге түсіп отыр. Сол себепті дүйсенбі де демалыс күні болады.