НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір — Sputnik. Израильде өткен діни мереке кезінде адам кептелісі болды. Оқиға орнында 44 қаза тапты, деп хабарлады NEWSru.co.il сайты.
Израильде жыл сайын Лаг ба-Омер діни мерекесі аталып өтеді. Оған 100-300 мың адам жиналады. Осы жолы да Мерон тауына мыңдаған адам келді. Халық трибунадан түсіп, тар дәлізбен шығып бара жатқанда сығылысып қалды.
Walla порталының тілшісі Яки Адамкердің айтуынша, трагедия тар дәлізде болған. Оған кіретін жер ашық болыпты. Ал шығаберісін белгісіз себептерге байланысты полиция жауып тастаған.
"Бір уақытта адамдар бірінің үстіне бірі құлай бастады. Содан кептеліс пайда болды. Соның салдарынан жүздеген адам зардап шекті", - деп жазды Адамкер өзінің Twitter парақшасында.
Жедел жәрдем қызметінің бас директоры Эли Бин трагедия кезінде кем дегенде 44 адамның қаза болғанын хабарлады. Бұдан бөлек, 150 адам жарақат алды. Олардың ішінде алтауының жағдайы өте ауыр. Зардап шеккендердің ішінде балалар да аз емес.
Түнгі сағат 3-те зардап шеккендерді эвакуациялау шаралары басталды. Сол кезде қайтыс болғандардың мәйіттері шығарылды.