Фото

Сөз зергері Ғабит Мүсірепов 17 жыл тұрған үйдің қазіргі келбеті – фото

Sputnik

Алматыдағы Мұқан Төлебаев көшесінің бойы тарихқа толы. Себебі дәл осы көшенің бойында бір кездері бірқатар ақын-жазушы, мәдениет және қоғам қайраткері тұрған. Қазір олар тұрған үй мемориалдық музей-үйге айналған. Соның бірі – қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің үйі. Қаламгердің 1968-1985 жылдары тұрған үйі қазір жазушы шығармашылығы мен өміріне қызығушылық танытқан оқырман үшін таптырмайтын жер.

Музей 1991 жылы ашылған. 1999 жылы бір-бірімен құда болған қос қаламгер Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов музейі бірікті. Нысан Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарайды. Ішінде жазушының жеке заттары, кітапханасы, қолданған ыдыс-аяғы сақталған.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы Ұлы Жібек жолы көрмесі: ерекше артефактар фотосы

Музей екі бөлімнен тұрады: әдеби және мемориалдық бөлім. Мемориалдық бөлім жазушының өзі тұрған кездегі қалпын толық сақтап қалған. Әдеби залда жазушының өмірбаяны, шығармашылығы, зерттеу еңбектері, алған атақ-марапаттары, отбасылық суреттері қойылған.

Мемориалдық бөлімде жұмыс кабинеті, жазу үстелі, кітапханасы, көзі тірісінде соңғы қолданған сия сауыттары, домбырасы сақтаулы тұр. Қонақ бөлмесінде де жазушы киген киімдер, аяқ киімдері, сервант, айнасы, сыйға берілген шам секілді тұрмыстық бұйымдар бар.

Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын тек қарындашпен жазғаны белгілі. Қаламгер қате кеткен жерін өшіріп, қарындашпен қайта жазып отырған. Жазушының жазу үстелінде өмірінің соңында қолданған қарындаштары, кітап, көзәйнегі, күлсалғышы қаз қалпында тұр.

Жазушының кабинетінде 2000-ге жуық кітап бар.

"Бұл музей қатты үлкен емес, көлемі шағын. Қазір карантин кезінде адам сиреп қалды. Бұрын карантинге дейін студенттер мен оқушылар үзбей келіп тұратын", - дейді музей қызметкері Назым Әбдіқұл.

Музейге кіру құны ересектерге 500 теңге, студенттерге 300 теңге, оқушыларға 200 теңге. Музей ішіндегі экскурсия бір топқа – 500 теңге.

"Туған елге соңғы сөз" - Ғабит Мүсіреповтің соңғы айтып кеткен сөзі. Қайтыс боларынан 3 күн бұрын қаламгер Әлжаппар Әбішев пен Мұхтар Шахановты шақырған. Хатта "қалам ұстауға хәлім болмағандықтан хатты Әлжаппар мен Мұхтарға айтып жаздырдым" деген жолдар бар. Ғабит Мүсірепов 1985 жылы 31 желтоқсанда 83 жасында дүниеден озды.

Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің мемориалдық музей-үйінің фотоларын Sputnik Қазақстан фотолентасынан көре аласыз.

1 / 25
Қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің мемориалдық музей-үйі 1991 жылы ашылған. Алматыдағы Мұқан Төлебаев көшесінде орналасқан музейде жазушы 1968-1985 жылдары тұрған.
2 / 25
1999 жылы бір-бірімен құда болған қос қаламгер Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов музейі біріктірілді. Қазір нысан Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарайды.
3 / 25
Музей әдеби және мемориалдық бөлімнен тұрады. Әдеби бөлімге қаламгердің жеке кабинеті мен қонақ бөлме кіреді.
4 / 25
Мемориалдық бөлім жазушының өзі тұрған кездегі қалпын толық сақтап қалған. Ол жерде қаламгердің жұмыс кабинеті, жазу үстелі, кітапханасы, көзі тірісінде соңғы қолданған сия сауыты, домбырасы сақтаулы тұр.
5 / 25
Әдеби залда жазушының өмірбаяны, шығармашылығы, зерттеу еңбектері, алған атақ-марапаттары, отбасылық суреттері қойылған.
6 / 25
Ғабит Мүсіреповтің көзілдірігі.
7 / 25
Ғабит Мүсірепов қолданған күлсалғыш.
8 / 25
Қаламгердің жұмыс үстелінде тұрған ауа ылғалын өлшегіш.
9 / 25
Ғабит Мүсіреповтің жеке бөлмесінде тұрған радио. Радио бетінде Харьков, Таллин, Львов, Киев, Вильнюс, Рига, Люксембург, Кишинев, Ленинград, Москва деп жазылған.
10 / 25
Жазушы бөлмесіндегі орындық 1968 жылы Сауд Арабиясынан сатып алынған. Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын тек қарындашпен жазғаны белгілі. Қаламгер қате кеткен жерін өшіріп, қарындашпен қайта жазып отырған. Жазушының жазу үстелінде сол қарындаштары, кітап, көзәйнегі, күлсалғыштары қаз қалпында тұр.
11 / 25
Жазушының кабинетінде 2 мыңға жуық кітап қоры сақталған. Сондай-ақ хаттар мен картотекалар бар.
12 / 25
Жеке кітапханадағы кітаптар арасында "История Казахской ССР", "Очерки истории СССР" секілді томдықтар мен Чарльз Дарвин мен Сталиннің "Вопросы ленинизма" секілді кітаптарды кездестіруге болады.
13 / 25
Қонақ бөлмесінде жазушы киген киімдер, аяқ киімдері, сервант, айна, сыйға берілген шам, самаурын мен ыдыс-аяқ секілді тұрмыстық бұйымдар бар.
14 / 25
Ғабит Мүсіреповтің аяқ киімі.
15 / 25
Қонақ бөлмеде тұрған шам. Мұны Қазақ университеті сыйға берген.
16 / 25
Шамның үстінде ойылып "Қадірлі, Ғабе, шырағыңыз сөнбесін! деп жазылған.
17 / 25
Ғабит Мүсіреповке 1968 жылы "Кездеспей кеткен бір бейне" кітабы үшін Абай атындағы республикалық сыйлық берілді. 1977 жылы Қазақстан Академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығын алды.
18 / 25
Мүсірепов 1962, 1972, 1974 жылы 3 рет Ленин орденін алған. 2 рет Қызыл Ту ордені, 1982 жылы "Халықтар достығы" орденімен марапатталған. Фотода жазушылар одағының мүшесі екенін растайтын құжат пен Қазақ ССР жоғары советі президиумының жарлығы бойынша Қазақ ССР халық жазушысы атағын алғанын растайтын құжат. Ортада "Халықтар достығы" ордені тұр.
19 / 25
Музейге қаламгердің туыстарының фотосы да қойылған. Ғабит Мүсіреповтің 40 жыл бірге тұрған жарының есімі – Ғұсни. Олардың Ғалия, Роза, Ақмарал, Райхан есімді төрт қызы бар. Алайда 1964 жылы жазушының жары Хұсни өмірден өтеді. Бұл уақытта жазушының сүйіктісіне айналған Раиса Мұхамедиярованың аяғы ауыр еді. Олар Хұснидің жылын өткізбей шаңырақ көтереді. Осылайша, 62 жастағы жазушы 25 жастағы актрисаны ұнатып, жаңа отбасын құрған. Отбасында Гауһар мен Гүлнар есімді екі қыз өмірге келді.
20 / 25
Музей ішінде Ғабит Мүсіреповтің анасы Дина мен бауырлары Хамит, Баязит, Гүлсім мен Әшімнің фотосы да бар.
21 / 25
Ғабит Мүсіреповке 1974 жылы "Ленин" ордені табысталған сәт.
22 / 25
Қаламгердің бір хоббиі ағаш жону болған. Ол ағаштарды түрлі формада жонып, сәндеген. Музей қызметкерлерінің сөзінше, бұл таяқты сүйеніш ретінде пайдаланбаған.
23 / 25
Ғабең отбасымен бірге.
24 / 25
Мемориалдық музейдің әдеби бөлімінде тұрған кәде сыйлар.
25 / 25
Ғабит Мүсірепов дүниеден өтерден 3 күн бұрын хат жазып қалдырған. Оны "Туған елге соңғы сөз" деп атаған. Хатты Әлжаппар Әбішев пен Мұхтар Шаханов жазып алған. Хатта "қалам ұстауға хәлім болмағандықтан хатты Әлжаппар мен Мұхтарға айтып жаздырдым" деп жазылған. Осылайша Ғабит Мүсірепов 1985 жылы 31 желтоқсанда дүниеден озды.