Өңірлер

Серуенге шыққан: Қызылордада 6 жасар бала із-түзсіз жоғалып кетті

Полиция Сырдария өзенінің жағалауын, көпқабатты үйлердің шатырын, саяжай мен жертөлелерді тексеріп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір – Sputnik. Қызылордада алты жасар Бақыт Әлтайыр есімді бала жоғалып кетті. Ол кеше таңертең серуенге шығып, оралмаған.

Полиция қала тұрғындарынан жоғалған баланы іздеуге көмектесуді сұрады.

"27 сәуір сағат 19:35-те 2015 жылы туған Бақыт Әлтайыр Мақсатұлының жоғалғаны туралы арыз түсті. Отбасы Қызылорда жанындағы Титов ауылында тұрады", - деді Қызылорда облысы полиция департаменті.

Ата-анасының айтуынша, баласы кеше таңғы сағат он шамасында үйден сыртқа шығып, оралмаған. Бастапқыда өздері іздеген. Нәтиже болмаған соң бала үйден шығып кеткеннен кейін 9 сағат өткен соң полицияға хабарлаған.

Серуенге шыққан: Қызылордада 6 жасар бала із-түзсіз жоғалып кетті

"Іздестіру жұмыстарына Қызылорда облысы полиция департаменті, қалалық полиция басқармасы, төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы жұмылдырылды. Оларға еріктілер мен жергілікті тұрғындар қосылды. Тұрғындар іздеу жұмыстарының басталғаны туралы әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабар алды. Баланың суреті барлық полиция бөліміне жіберілді", - деп хабарлады облыстың полиция департаменті.

Серуенге шыққан: Қызылордада 6 жасар бала із-түзсіз жоғалып кетті

Полиция қызметкерлері көпқабатты үйлердің шатырын, жертөле мен саяжай аумағында қараусыз қалған үйлерді, салынып бітпеген ғимараттар мен Сырдария өзенінің жағалауын тексеріп жатыр.

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында із-түссіз жоғалып кеткен қыз табылды

Сонымен қатар тұрғындардан, таныс пен көршілерден баланың қайда болуы мүмкін екені сұрастырылып жатыр.