Өңірлер

Әулиекөл тұрғындары тегін азық-түлік аламын деп 5 миллион теңге қарыз болып қалды

Алаяқ әйелдің заңсыз әрекетінен Қостанай облысындағы Әулиекөл ауданының сегіз тұрғыны зардап шекті. Алайда полицейлер жәбірленушілер саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір — Sputnik. Қостанай облысында Әулиекөл ауданының тұрғыны ауылдастарын алдап, Алматыда олардың атына бес миллион теңгеден астам кредит рәсімдеген.

Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, алаяқ Әулиекөл ауданының 31 жастағы тұрғыны екені анықталды.

"31 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты бұл іс Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлімі бойынша (Алаяқтық) тіркелді. Ол өзінің алаяқтық әрекеттерін, яғни тауарға арналған онлайн-кредитті Алматыда орналасқан жеке кәсіпкерлік атынан жүзеге асырған", - деп хабарлады полиция.

Ауылдастарының жеке мәліметін алу үшін ол әлеуметтік көмекті таратамын деген сылтаумен азаматтарға барып, азық-түлік пакеттерін берген. Бақылаушы мекемеге есеп беру үшін көмек алған адамдардың жеке мәліметтері мен суреті қажет екенін алға тартқан. Одан кейін ол бұл мәліметтерді банктердің бірімен келісімшарт жасаған жеке кәсіпкерлік нысанына жолдап отырған. Қаражат алаяқ әйелдің картасына аударылған.

Жәбірленушілер өз аттарына кредит рәсімделгені туралы банк қызметкерлерінің қоңырауы мен қарызды өтеу туралы хабарлама келгеннен кейін ғана білген.

Оқи отырыңыз: Петропавл тұрғыны әп-сәтте 12 миллион теңгесінен айырылып қалды 

Осы әйелдің заңға қайшы әрекетінен зардап шеккен сегіз азамат полицияға шағымданған. Келтірілген залалдың жалпы көлемі бес миллион теңгеден асады.

Күдікті бұрын сотты болмаған, кәмелет жасына толмаған баласы бар. Ол әйелден ешқайда шықпау туралы қолхат алынды.