НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Интернет алаяқтары Петропавл қаласы тұрғынының 12 миллион теңгеге жуық ақшасын жымқырды, деп хабарлады Polisia.kz.
Әйел ұлын оқытуға депозитке ақша жинаған, алайда кибералаяқтардың құрығына түсіп қалып, бір күнде бар ақшасынан айырылып қалды.
Наурыз айының ортасында оған өзін "қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін" және банктің "менеджерімін" деп таныстырған белгісіз ер адам мен қыз хабарласқан. Олар жеті минут бұрын оның атына бөтен адамның ірі көлемде кредит ресімдегенін айтып қала тұрғынын сендірген және "өзін алаяқтардың әрекеттерінен қорғау" үшін оған "есепшотты жаңарту" қажеттігін, яғни депозиттен ақшаны алып, жаңа ашылған есепшотқа салу қажет деген. Алдымен жәбірленуші хабарласқан адамдарға сенбеген, банк филиалына баратынын айтқан. Алайда қылмыскерлер оны бұлай жасамауға көндіреді. Алаяқтардың айтқанына сенген әйел олардың нұсқауын түгел орындап, өзінің жеті миллион теңгеден астам ақшасын бірнеше Qiwi-әмиянның есепшоттарына аударып жіберген.
Оқи отырыңыз: Алматыда 300 миллион теңгені қолды еткен алаяқтар ұсталды
Жалпы алғанда, қылмыскерлер 11 миллион 865 мың теңгені қолды қылған, бұл аса ірі көлемде келтірілген шығын болып саналады. Әйелге барлық қаражат қайтарылады деп уәде берген, алайда бұлай болмай шықты. Жәбірленуші полицияға арызданды.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізуде.
"Бүгінде "банктің қауіпсіздік қызметінен" қоңырау шалу арқылы алдау схемасы ең кең таралған тәсілдердің бірі. Бұл тәсілге көбі сене бермейді, себебі көптеген адам киберқылмыскерлердің бұл амалы жайлы біледі. Соған қарамастан, кейде қаскөйлер өздерінің құрбандарына психологиялық қысым жасау арқылы шеберлік танытады. Бұл жағдайда жәбірленуші банк филиалына барып, шоттың жағдайы жайлы сенімді ақпарат көзінен білуге шешім қабылдаса, өзін алаяқтардан қорғар еді. Кез келген жағдайда есте сақтау маңызды: нақты банк қызметкерлері қандай жағдай болмасын, ешқашан клиенттерге қаржылық операциялар жасамайды, құпия деректерді атауды талап етпейді", – дейді СҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Жұмалиев.
Жалпы облыста жыл басынан бері 202 интернет-алаяқтық тіркелді. Оның 52-сі "банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалу" схемасына негізделген.