НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін "Спутник V" вакцинасының екінші компонентін алды.
"Екпе салдырғаннан кейін президенттің денсаулығында ешқандай кінәрат байқалған жоқ. Өзінің жұмыс кестесіне сәйкес қызметін қызу атқарып жатыр", - деп жазды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі вакцинация қарқынын төмендетпеу керек деп санайды. Мемлекет басшысы екпе салдыру барлық шектеулерден арылтып, қайта қалыпты өмірге бастайтын, COVID-19 пандемиясын жеңетін жалғыз жол екеніне кәміл сенеді.
Оқи отырыңыз: Министр Цой отандық вакцина ағзасына қалай әсер еткенін айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев "Спутник V" вакцинасының алғашқы компонентін 6 сәуірде алды.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгін Қазақстан COVID-ке қарсы вакцина салдырған адамдар саны жағынан әлемде 52-ші орынды иеленгенін айтты.