Қоғам

Үйінен қару табылған: "СК-Фармация" бұрынғы басшысына тағы бір айып тағылды

Елордалық сотта Шәріптің ісіне қатысты сот тыңдауы өтіп жатыр, оған бірден екі бап бойынша айып тағылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір –  Sputnik. "СК-Фармацияның" бұрынғы басшысы Берік Шәріп 13 жыл бойы атыс қаруын заңсыз сақтаған. Осылайша ол Қазақстанның Қылмыстық кодексін бұзды.

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотында "СК-Фармация" компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріптің ісіне қатысты алғашқы сот отырысы өтті.

Судья Қанат Дүйсембиев Берік Шәріпке қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-тармағы 3-тармақшасы "Ауыр салдарға алып келген, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану", сондай-ақ 287-бабы 2-тармағы "Жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын, газды қаруды, қысқа тегiс ұңғылы атыс қаруын, сол сияқты оның патрондарын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бойынша қаралып жатқанын мәлімдеді.

Прокурор Дастан Күпербаев Берік Шәріп қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы қасақана қылмыс жасағанын мәлімдеді.

Мемлекеттік айыптаушы түсіндіргендей, Шәріп 2006 жылдың қазанынан 2008 жылдың сәуірі аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында тұрған және облыстың денсаулық сақтау департаментінде қызмет еткен. Аталған кезеңде Шәріп Шымкенттің "Арсенал" ЖШС қару дүкенінен өзін-өзі қорғау тапаншасын – калибрі 18х45, ұңғысыз атыс моделі "Стражник" МР-461, сондай-ақ тапаншаға оқ-дәрі сатып алған.

Тағы оқыңыз: "СК-Фармация" экс-басшысының әрекеті дәрігерлердің вирус жұқтыруына әкелді – прокурор

"Қарудың жекелеген түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы заңның 6-бабына сәйкес, ұңғысыз атыс қаруы қызметтік қаруға жатады. Азаматтық және қызметтік қаруды, оның патрондарын ішкі істер органдарынан қаруды сақтауға және өзімен бірге алып жүруге рұқсат алған заңды және жеке тұлғалар сақтай алады. Шәріп атыс қаруын сақтауға және өзімен ұстауға тиісті рұқсаты болмаса да, 2007 жылдың тамызынан 2020 жылдың 6 тамызы аралығында өзін-өзі қорғауға арналған тапаншаны заңсыз сақтаған", - деді прокурор.

2020 жылдың 6 тамызында Берік Шәріптің пәтерін тінту барысында аталған тапанша мен оны қолдану кітапшасы, сондай-ақ төрт патрон мен бір гильза табылып, тәркіленді.

"Кешенді баллистикалық және трассологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, тапанша травматикалық атыс қаруы санатына жатады, оқ атуға жарамды, патрондар да жарамды. ІІМ ӘПК жауабына сәйкес, жоғарыда аталған қаруды иемденуге, сақтауға және өзімен бірге алып жүруге құжат берілмеген. Сонымен қатар Шәріп 2014 жылдан бастап 12 калибрлі МР-153 және ИЖ-27 екі тегіс ұңғылы қарудың иесі болып табылады", - деді Дастан Күпербаев.

Осылайша Берік Шәріп Қылмыстық кодекстің 287-бабы 2-тармағында (травматикалық патрондармен ату мүмкіндігі бар атыс қаруын заңсыз сақтау) қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деп айыпталып отыр.

Бұған дейін прокурор Дастан Күпербаев "СК-Фармация" экс-басшысының заңсыз әрекеті салдарынан 2 мыңнан астам дәрігер коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді. Оларға мемлекет тарапынан өтемақы төленді.

Денсаулық сақтау министрлігіндегі жанжал

"СК-Фармация" ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріптің ұсталғаны 2020 жылдың тамызында белгілі болды. Ол пандемия уақытында  медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет дәрігерлердің вирус жұқтыруын күдіктінің заңсыз әрекетінің салдары деп атады. Бұл заңбұзушылық бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.