НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. Қазақстанның ұлттық банкі Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар коллекциялық монеталардың сатылымға шығатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, коллекциялық монеталар "Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар" сериясымен шығып отыр. Атауы – "QAZAQSTANNYŃ ASTANASY – NUR-SULTAN". Оны 28 сәуірде сатылымға шығарады.
"Монеталарды kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады. Ол үшін қолданушылар тіркеліп, жеке кабинет ашуы тиіс", – дейді банк мамандары.
Монетаның номиналы – 1 000 теңге. Салмағы – 62,2 грамм. Құрамында 925/1000 сынамалы күміс (46,2 грамм) мен 999/1000 сынамалы алтын (16 грамм) бар. Дайындау сапасы – "proof". Монеталар 1 000 данамен шығарылды.
"Монеталар Қазақстан Республикасының барлық аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға, аударылуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады", – делінген ресми хабарламада.
Монеталар кәдесый орамында сатылымға шығарылады. Оның әрбірінің қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылған нөмірлік сапа сертификаты бар. Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында жасалды.
Оқи отырыңыз: Назарбаев бейнеленген банкнот 1 желтоқсанда айналымға шығады