Полиция "алматылық атқыш" тұрған пәтердің есігін арнайы сары таспамен бекітіп тастаған. Баспалдақ алаңындағы қабырғаларда атылған оқ іздері байқалады.
Құқық қорғау органының қызметкерлері әлі де үй подъезін күзетуде.
Еске салсақ, сенбі, 24 сәуірде қаруланған ер адам алдымен "Бұқар жырау Тауэрс" тұрғын үй кешені күзетшісінің аяғына оқ атты. Одан кейін ол 17-қабаттағы өз пәтеріне кіріп, бекініп алды.
Полиция 9 сағат бойы күдіктіні құрықтауға тырысты. Кейін белгілі болғандай, құқық қорғау органдарының қыметкерлері 6 сағат бойы ер адаммен келіссөз жүргізген. Полиция тіпті оның таныстарын да бұл процеске қатыстырған. Алайда ер адам ешқандай талап қоймаған және өз әрекетінің себебін де жария етпеген.
Полиция департаментінің дерегінше, құқық қорғау қызметкерлері адам өміріне қауіп төндірмейтін қаруларды (жарық-дыбысты, жарық-шулы гранаталар) қолданған.
Баспалдақ алаңына қарай шамамен 30 рет оқ атқан ер адам терезеден секіріп көз жұмды.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.