Өңірлер

ҰҚК Қазақстан мен Ресей шекарасында қалыптасқан жағдайды түсіндірді

Шекара қызметінің өкілдері жүргізушілерден маршрутты жоспарлау кезінде қалыптасқан жағдайды ескеруді сұрайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі соңғы күндері Батыс Қазақстан облысында орналасқан "Сырым" өткізу пунктінің маңында Ресейге бет алған 350-ден астам жүк көлігінің тұрып қалуына қатысты ақпарат таратты. 

"Қалыптасқан жағдай шекаралас елдердің бақылау шараларын күшейтумен байланысты (тасымалдауға тыйым салынған заттар мен материалдарды анықтау үшін "технологиялық өтуді" міндетті түрде ұсынуды талап ету) ", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ осындай жағдай Ресейден Қазақстанға келе жатқан ресейлік "Маштаков" іргелес өткізу пункті маңында (400-ден астам жүк көлігі) қалыптасты.

"Жүргізушілерден, әсіресе тез бұзылатын өнімді тасымалдаушылардан аталған өткізу пункттері арқылы маршрутты жоспарлау кезінде қалыптасқан жағдайларды ескеруін сұраймыз", – дейді шекарашылар.

Оқи отырыңыз: Досаев шекара заставаларына батырлардың есімін беру туралы ұсынысқа жауап берді

Айта кетейік, бұған дейін "Сырым" бақылау-өткізу пунктінің маңында тоғыз шақырымдық ауыр жүк көліктерінің кептелісі пайда болып, жүргізушілердің тәуліктен астам уақыт кезекте тұруға мәжбүр болғаны БАҚ-та жазылған. Жүргізушілер бақылау-өткізу бекетінде рентген аппаратының жоқтығын айтып, шекарашылар тексеруі үшін жүкті өздері қолмен түсіріп-тиеумен айналысатындығына шағымданған.