АСТАНА, 8 қараша — Sputnik. Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев шекара заставаларына батырлардың есімін беру мүмкіндігі туралы мәселені егжей-тегжейлі зерделеу үшін ҰҚК Шекара қызметіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті жұмыс жүргізуді тапсырғанын жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде 5 мемлекетпен шектесетін және жалпы ұзындығы 15 мың шақырымдай болатын шекарамызда 300-ге жуық шекара заставасы құрылған. Депутаттардың айтуынша, осы заставаларға сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да ұстатпай, ұрпағына толық мирас еткен батыр бабаларымыздың атын берсе орынды болар еді.
"Батыр бабалар атымен аталған шекаралық заставалар – өзге мемлекеттер азаматтарына Қазақстанды әз тарихын және ер ұландарын ұлықтайтын, ұмытпайтын, солардың биік рухымен рухтанатын өр әрі өркенді ел ретінде көрсетіп тұрады. Сондай-ақ бұл меценаттарды шекаралық заставаларға көмек көрсетіп, қамқорлық жасауға тартуға жол ашады. Өйткені шекарашылар өз қызметі үшін қажеттінің барлығымен қамтамасыз етілгенімен, шекаралық заставалардың көбі кеңес заманында тұрғызылған және материалдық-техникалық базасы тоза бастаған", — деген еді депутат Бақытбек Смағұл вице-премьердің атына жолдаған депутаттық сауалында.
Ерболат Досаевтың жауабындағы ақпаратқа сүйенсек, шекара заставаларының 10-ына атау берілген. Жергілікті атқарушы органдар қолдаған парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлдың Қызылорда облысындағы "Қызылқұм" шекара заставасына Жанқожа батырдың атын беру туралы бастамасы үкіметтің қаулысымен іске асырылғаны белгілі.
"Қағидаларға сәйкес мемлекеттік меншік объектілеріне атау беру кезінде бірқатар талап ескеріледі, оның ішінде тарихи, географиялық және мәдени ерекшеліктер, әдеби тіл нормаларына сәйкестік, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан мен қоғам алдында еңбек сіңірген басқа да жеке адамдардың есімдерін беру бар", — деп жазылған вице-премьердің жауабында.
"Осыған байланысты мен батыр бабаларымыз сіңірген еңбектің тарихи маңыздылығын ескере отырып, шекара заставаларына батырлардың есімдерін беру мүмкіндігі туралы мәселені егжей-тегжейлі зерделеу үшін ҰҚК Шекара қызметіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп белгіленген тәртіппен тиісті жұмыс жүргізуді тапсырдым", — деп жауап берген Досаев.