НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір — Sputnik. Әлеуметтік желіде қазақстандықтар вакциналар Паркинсон, Альцгеймер және Лу Гериг ауруларының дамуына себеп болуы мүмкін деген ақпарат таратып жатыр. Stopfake порталы бұл жалған мәлімет екенін жазды.
Хабарламада мұндай аурулар иммундауға арналған препараттардың құрамындағы алюминий салдарынан пайда болатыны айтылған.
Сонымен қатар, вакциналардың құрамындағы алюминий мөлшері рұқсат етілген нормалардан аспайды және адам денсаулығының жай-күйіне әсер ете алмайды, деп жазды Stopfake.
АҚШ-тың Тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмек сапасын санитарлық қадағалау басқармасының қаулысына сәйкес, алюминийдің тәуліктік нормасы 25 микрограммнан аспауға тиіс. Алайда бұл норма тек парентеральды тамақтану жүйесіне қосылғандарға (қоректік заттарды тікелей қанға енгізу) және емшек сүтін алмастырғыштармен қоректенетін сәбилерге қатысты. Вакцинамен алюминийдің осындай дозасын алу және оны тері астына енгізу мүмкін емес.
Күнделікті өмірде адамдар күніне 25 микрограммнан артық алюминий тұтынады. Бұл металл қара бидай мен бидай ұны, картоп, қырыққабат, баялды, қызылша, бұршақ, күріш, киви және т.б. кеңінен қолданылатын өнімдерде кездеседі.
Айта кетейік, Паркинсон, Альцгеймер және Лу Геринг аурулары егде жастағы адамдар арасында өте жиі кездеседі. Оның үстіне, Паркинсон мен Альцгеймер аурулары алюминий қосылған вакциналар мен адъюванттар ойлап табылғанға дейін анықталған және толық сипатталған.