Өңірлер

18 рет пышақ сұққан: Оралда әйелін өлтірген ер адамға қатысты жаңа дерек анықталды

Полиция мәліметінше, марқұм бұрынғы күйеуінің үстінен ұрып-соғу бойынша бірнеше рет арыз түсірген
Sputnik

АЛМАТЫ, 20 сәуір – Sputnik. Оралда ер адам қызғаныштан бұрынғы әйелін пышақтап өлтірді. Бұл туралы жергілікті "Уральская неделя" басылымы хабарлады.

Қайғылы жағдай Оралда түскі уақытта адамдардың көзінше болды. 30 жастағы күдікті – қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкері бұрынғы әйеліне 18 рет пышақ сұққан.

30 жастағы әйел ауруханаға жеткізер жолда алған жарақатынан полиция көлігінде қайтыс болды.

"Полицияға қылмыс туралы қоңырау 19 сәуір сағат 16:30-да түсті. Ер адам әйелді пышақтап, оқиға орнынан автокөлігімен қашып кеткен. Ер адамның көлігі 20 минуттан кейін тоқтатылды. Көлік ішінде 1991 жылы туған күдікті болған", – делінген хабарламада.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) бабы бойынша басталды.

Полиция күдіктінің ұсталған кезде мас болмағанын айтты. Алдын ала болжам бойынша, қылмысқа қызғаныш себеп болған. Күдіктінің көлігінен қан іздері анықталды. 

Орал қаласының ТКШ бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев күдіктінің жұма күні жұмыстан шығып кеткенін хабарлады. Алайда басылым дереккөзі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Күдікті наурызда тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне жұмысқа қабылданып, бас маман қызметін атқарған.

Қайтыс болған әйелдің артында 6 және 8 жастағы екі баласы қалды.

Оқи отырыңыз: Анасы қызын айдалаға апарып өлтірген – Қостанайда жантүршігерлік іс тергеліп жатыр

Полицияның мәліметінше, марқұм бұған дейін күйеуінің үстінен ұрып-соғу бойынша бірнеше рет арыз түсірген. Алайда ол арызын қайтарып алып отырған.