НҰР-СҰЛТАН, 19 сәуір — Sputnik. Петропавлда коронавирус жұқтырған екі науқасты аудандық ауруханадан қалалық стационарға тасымалдағаннан кейін көз жұмған. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Естеріңізге салсақ, ақпанның басында Қызылжар аудандық орталық ауруханасында ковид стационары жабылған болатын. Коронавирус жұқтырғандар ем алуын жалғастыру үшін облыс орталығындағы ауруханаларға ауыстырылды. Осыдан кейін екі науқас көз жұмды. Оның бірі – 65 жастағы Надежда Притолюк.
"Бір апта бойы менің анам екіжақты пневмония диагнозымен Қызылжар ауруханасында дәрігерлердің бақылауында болып, қажетті ем алып жатты. Беті бері қарап қалған еді. Алайда аяқ астынан инфекциялық стационардың жабылатынын хабарлады. Барлық науқасты, соның ішінде ауыр жағдайда жатқандарды да машинаға тиеп, қалаға алып кетті. Мұндай кезде қандай күйзеліске түсуге болатынын білесіз бе... Анамның ауруға төтеп беруге шамасы жетпей, көз жұмды", - дейді қаза болған әйелдің ұлы Павел Притолюк.
Оқи отырыңыз: Жаркенттік фармацевт науқастың өліміне кінәлі деп танылды
Сонымен қатар аудандық ауруханада ем алып, қалаға ауыстырылған тағы бір әйел көз жұмған.
Сол кезде денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Құсемісов инфекциялық стационарды жабуға коронавирус жұқтырғандар санының азаюы мен инфекциялық стационарлардағы жүктеме себепші болғанын түсіндірді. Ол қайтыс болған науқастардың жағдайы о баста ауыр болғанын айтты. Ал оларды одан әрі емдеу үшін облыстық инфекциялық аурухана ауыстыру қажет еді.
Шағын УАЗ көлігімен алты науқас тасыған
Кейіннен Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшылығы науқастардың көз жұмуына байланысты тексеру жүргізіп, олар оттегі аппаратымен жабдықталмаған УАЗ көлігімен тасымалданғанын анықтады.
"Науқастарды тасымалдау туралы мәселе Қызылжар аудандық ауруханасының деңгейінде шешілген. Аудандық аурухана басшылығы жай көлікпен тасымалдауға келмейтін және алдағы уақытта ем алуды жалғастыруды қажет ететін ауыр жағдайдағы науқастардың бар екені туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарлаған жоқ", - деп атап өтті баспасөз конференциясы кезінде денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов.
Оның айтуынша тыныс алуы қиындаған науқастарды тасымалдау фельдшердің ілесуімен, оттегі аппаратынсыз, УАЗ маркалы санитарлық көлікке бірден алты адамды отырғызу арқылы жүргізілмеуі керек.
"Мұндай науқастарды оттегі бар бір арнайы реанимобильге бір науқасты орналастыру арқылы тасымалдау керек және оларға реаниматолог дәрігер ілесе жүруі қажет", - деп түсіндірді Айманов.
Ал Қызылжар орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Александр Құдайбергенов медицина мекемесі тарапынан барлығы дұрыс орындалғанын айтады.
"Қолымызға бұйрық 1 ақпанда тиді. Ал 2 ақпанда инфекциялық стационарды жабу керек болды. Біз дәрігерлермен бірлесіп барлық науқасты қарап шықтық. Ауыстыруға шамасы келетіндерді ауыстырдық. Ал ауыр жағдайдағы екі науқасқа келер болсам, оларды тасымалдау үшін санитарлық авиация мен көпбейінді облыстық аурухана бойынша анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер шақырылады. Себебі олар солардың желісі бойынша жұмыс істейді. Келген кезекші маман науқастардың жағдайын тасымалдауға жарамды деп бағалады. Сондықтан мен өз тарапымыздан барлығын дұрыс орындадық деп санаймын", - деді Құдайбергенов.
Бес жылға дейін абақтыға жабылуы мүмкін
Осы жағдай бойынша облыстық прокуратура да тексеру жүргізгені белгілі болды.
"Уәкілетті орган жүргізген тексеру нәтижесіне сәйкес Қызылжар аудандық ауруханасындағы лауазымды тұлғалардың тарапынан бірқатар құқық бұзушылық орын алғаны анықталды. Осы факті бойынша 2021 жылдың 15 сәуірінде Қызылжар аудандық полиция бөлімі қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады", - деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.
Айта кетсек, бұл бап бойынша үш жылға дейінгі мерзімде белгілі бір қызметті атқару немесе белгілі бір қызмет түрімен айналысу құқығынан айыру арқылы бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде процедура кезінде пациенті қайтыс болған дәрігерді сот кінәсіз деп таныды
Қайтыс болған әйелдің ұлы Павел Притолюк қадағалаушы органның қорытындысымен келіспейтінін жеткізді. Ол Қызылжар аудандық ауруханасына еш наразылығы жоқ екенін айтты.
"Мен Қызылжар аудандық ауруханасына еш наразылығым жоқ екенін бірнеше рет айттым. Анам ол жақта жатқанда оған тиісті деңгейде медициналық көмек көрсетілді. Ауыр жағдайда түскен оның беті бері қарады. Анам тыныс ала алмай, сандырақтай бастаған кезде оның есін жиғызған да осы аурухана мамандары. Тәбеті ашылып, ем қона бастады. Өмір сүруге деген құлшынысы оянды. Ол барлық жағдайы жасалған палатада жалғыз өзі жатты. Медицина қызметкерлері қамқорлығын аяған жоқ. Ал қалаға ауыстырылған кезде бір палатада алты адам жатыпты. Ол күйзеліске түсіп, көп ұзамай медикаментозды комаға түсті", - дейді Павел Притолюк.
Ол тексеруді басқа бағытта, яғни ауруларды ауыстыруға бастамашы болған денсаулық сақтау басқармасындағы лауазымды тұлғалар мен анасы көз жұмған бірінші қалалық аурухана басшылығына қатысты тескеру жүргізуді талап еткен.
"Менің бұл талабым елеусіз қалды. Менің атымды жамылып, Қызылжар аудандық ауруханасы және ондағы жекелеген азаматтармен есеп айырысып жатқандай сезіледі", - дейді Павел Притолюк.