НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір – Sputnik. Желіде сарқырама маңында өзеннің қатты ағысы ер адамды баламен бірге ағызып бара жатқаны түсірілген видео тарады. Оқиға Ақмола облысында болған.
Кадрдан ересек адамның баланы кеудесіне қысып, судың ортасындағы тасқа жармасқаны байқалады.
Айналадағы адамдар жанұшыра айқайлап жатыр. Болжам бойынша, бұл Ақмола облысы Зеренді ауданындағы сарқырама.
"Әкесі қызымен бірге сарқырама алдында суретке түспек болған. Анасы мен айналадағы адамдар оны райынан қайтаруға тырысты, бірақ еш нәтиже шықпады. Қыз тастан құлап кетті, әкесі артынан секірді. Екеуі де судан шығарылды", - деп мәлімдеді куәгерлер.
Зеренді ауданының әкімдігі хабарлағандай, 16.35-те аудандық ауруханаға Көкшетауда тұратын 2015 жылғы бала түсті. Ол жеңіл-желпі жарақат алған. Дәрігерлер медициналық көмек көрсеткеннен кейін, ол үйіне жіберілді.