Оқиға

Ақмола облысында жол жиегінде болған қайғылы оқиғаның видеосы тарап кетті

Жүк көлігі еріген қар суына толы шұңқырға аударылды. Кабинада отырған ер адам оқиға орнында көз жұмды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Ақмола облысы Шортанды ауданында карьерлердің біріне жақын маңда жүк көлігі еріген қар суына толған жол жиегіне аударылды. Рөлде отырған 27 жастағы ер адам қаза болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қайғылы оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрдан бірнеше ер адам техниканың көмегімен жол жиегінде батып қалған жүк көлігін шығаруға тырысып жатқанын көруге болады. Машина бірнеше секундқа жолға шығады, алайда кейін батпақ пен қар суына толған шұңқырға құлайды.

Шортанды ауданының әкімдігі трагедия 16 наурыз күндіз үштер шамасында Бектау ауылдық округіне жетпей, Шортанды-Жолымбет жолының учаскесінде болғанын нақтылады.

"Шансиман" көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмады. Машина алдымен қара жолдың жиегіне аударылды. Кейін оны бульдозермен шығармақ болғанда, еріген қар суына толған шұңқырға батып кетті, жүргізуші қаза болды", - деп атап өтті әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жүк көлігі "Гранит +" ЖШС карьеріне қиыршақ тас алу үшін барған. Шыға берерде жол апаты болды. Карьер жұмысшылары көлікті шығарып, жүргізушіні құтқаруға тырысты.

Тағы оқыңыз: Ақмола облысында екі бала шөп тиелген трактордың астына түсті

Көз жұмған ер адам – 1994 жылғы Мақсат Данияров, Қызылорда облысының тумасы. Полиция марқұмның денесін Нұр-Сұлтанға сараптамаға жіберді.

Бектау ауылдық округінің әкімдігі мерт болған жігіт аталған жүк көлігінің жүргізушісі емес екенін мәлімдеді. Жүк көлігі аударылғаннан кейін, марқұм рөлге отырып, көлікті алып шықпақшы болған, алайда өзі көз жұмды.

Аудандық әкімдіктің ақпаратынша, жүргізуші – 1981 жылғы Абылайхан Мұхамеджанов. Елордада тұрады.

"Шансиман" автокөлігі елордалық "Альстрой Транс Групп" фирмасына тиесілі.

Sputnik Қазақстан түсініктеме үшін Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласты.

ОқиғаВидеоАқмола облысыжүк көлігіжол