Қоғам

Алик Шпекбаев агенттік төрағасы ретінде несімен есте қалды

Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде жеті жылға жуық қызмет атқарды. Ол басқа қызметке ауыса ма, әлде демалысқа кете ме, оны уақыт көрсетеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Қазақстан президентінің жарлығымен 63 жастағы Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметінен босатылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте сөз сөйлеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алик Жатқамбайұлына атқарған қызметі үшін алғыс білдірді. Алайда Ақорда Шпекбаев демалысқа кете ме, әлде жаңа қызметке тағайындала ма, ол жағын ашып айтпады.

Елде белең алған сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу жүйесінде Шпекбаев 2014 жылдан бері еңбектеніп келді. 2017 жылдың желтоқсанында ол мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Аталған агенттік екіге бөлінген соң 2019 жылдың маусымында Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды.

Sputnik Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізген шенеуніктің елең еткізерлік әрекеттері мен өткір сөздерін еске түсірді.

Қазақстанды жемқорлықтан құтқаруға уәде етті

Агенттік басшысы қызметіне тағайындалудан бірнеше ай бұрын, 2017 жылы Алик Шпекбаев Sputnik Қазақстанға сұхбат берді. Ол әңгіме барысында сыбайлас жемқорлықпен күресудің жаңа әдістерімен бөлісіп, жемқорлық дендемеген аймақтарды атады. Шпекбаев сыйбайлас жемқорлықпен күресушілер оның салдарына қарсы әрекет етуді ысырып, жемқорлық себептерін анықтау және жоюға ерекше назар аудара бастағанын айтты.

Мемлекеттік қызметкерлерге жалақы есептеудің жаңа жүйесі

Алик Шпекбаев төраға болған шақта мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын есептеудің жаңа жүйесі енгізілді. Жаңашылдық қызметті бағалаудың факторлық-балдық шкаласын қолдануды қарастырды. Яғни, қызметтік жалақы көлемі құзыретінің, шешілетін мәселенің күрделілігі және нәтижеге қол жеткізу үшін жауапкершілік дәрежесін басшылыққа ала отырып белгіленді. Ал бонустар мекемедегі ортақ міндеттерді орындауға қосқан нақты үлесін негізге алып есептеледі. Осылайша, қызметкерлерді материалды ынталандырудың нәтижелі механизмі енгізілді. Сыбайлас жемқорлықпен күресушілер осы әдіс арқылы қызметкерлердің әлеуетін ашу үшін қолайлы жағдай жасауды көздеді.

Шенеуніктерге қарсы істер

Шпекбаев "сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік" саясатын басшылыққа алған тұста бірқатар жоғары лауазымды тұлға абақтыға жабылды. Жалпы орта есеппен бір жылдың ішінде 1 700 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелсе, оның жартысына жуығы пара алуға қатысты болды. Осы бір жылда шенеуніктердің заңға қайшы әрекеттерінен келтірілген шығын көлемі ондаған миллиард теңгеден асып кетті.

Сотталғандар қатарында министрлер, облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, жауапты хатшылар, елшілер, судьялар мен түрлі қызметтегі шенеуніктер болды.

Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов әскери полигондағы жарылыстан кейін Арыс қаласын қалпына келтіру үшін бөлінген 80 миллион теңге көлеміндегі қайырымдылық қаражатты жымқырып, алаяқтық жасағаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Мамунов Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжановтың туыстарынан 1,2 миллион долларды заңсыз алғаны үшін кінәлі деп танылып, 12 жылға сотталды.

Сол кезде халық арасында абақтыға жабылған бұрынғы министрлер мен әкімдердің көптігі "түрмедегі үкіметті" құруға жетерліктей екені туралы қалжың тарады.

Ақша қайдан келді, мырзалар?

2018 жылдан бастап Алик Шпекбаев әлеуметтік желінің белсенді пайдаланушысы атанды. Ол өзінің Facebook-тегі парақшасында мемлекеттік қызметкер қандай болуы тиістігі туралы жазды. Көп жағдайда думанды тойлардан бас тартып, мерекені жарысқа айналдырмауға кеңес берді.

"Құрметті мемлекеттік қызметкерлер, өзгеретін уақыт келді. Қарапайым болу керек", – деп үндеу тастады Шпекбаев.

Кейінірек Шпекбаев қазақстандықтарға сыбайлас жемқорлыққа тап болған жағдайда еш қорықпастан өзінің жеке поштасына жазуды сұрады. Ол тіпті 240 мың теңге көлемінде материалдық ынталандыру беруге уәде етті.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы ел арасында айталған анекдоттарға кейіпкер де болды.

Пандемия сыбайлас жемқорлықтан құтқармады

Коронавирус пандемиясына қарамастан, 2020 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы азая қоймады. Өткен жылы дәл осы COVID-19-бен байланысты жүз қылмыстық іс тіркелді. Оның жартысына жуығы дағдарысқа қарсы шаралар үшін бөлінген қаражатты жымқыруға қатысты.

"Пандемия кезінде халық билікке үміт артып, қамқорлық пен көмек күтіп отырғанда кейбір арсыз шенеуніктер мен топ-менеджерлер заңнан да, Құдайдан да қорықпай, лауазымын қалтасын толтыру үшін пайдаланып, жүйелі түрде пара алды. Бюджет қаржысын жымқырды. Халықтың қайғы-қасіреті арқылы баю сатқындық пен адам өлтірумен тең", – деді Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында.

2020 жылы сыбайлас жемқорлық үшін қамауға алудың басым бөлігі медицина саласына қатысты болды. Денсаулық сақтау саласындағы төрт жоғары лауазымды тұлғаға қатысты тергеу жүрді. Олардың қатарында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та бар.

Қарашаның басында қаржы министрлігінің қаржы мониторингі жөніндегі комитеті экс-министрдің ұсталғанын хабарлады. Оған аса ірі көлемде бюджет қаражатын талан-тараж ету бойынша айып тағылды. Біртанов күні бүгінге дейін үйқамақта отыр.

Бұл "медиктер тобында" тамыздың басында ұсталған бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев, "СК-Фармация" компаниясының экс-басқарма төрағасы Берік Шәріп, ұлттық дәрілік заттар сараптамасы орталығының бас директоры Эрик Байжүнісов те бар. Ол бұрындары денсаулық сақтау министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Президенттің мақтауы

Осы жылдың басында Қазақстан президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2020 жылғы жұмысының негізгі көрсеткіштері туралы есепті тыңдады. Қасым-Жомарт Тоқаев шығын орнын толтыру және жосықсыз шығындардың алдын алу бойынша агенттік жұмысының экономикалық ықпалын оң бағалап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күрес жүргізгені үшін ведомство басшысын мақтады.

Алик Шпекбаевтың өмірбаяны

Алик Шпекбаев 1957 жылдың 4 шілдесінде Алматы облысы Қаскелең ауданы Абай ауылында дүниеге келген. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін (1987) және РФ ІІМ академиясын (1991-1992) бітірген. Мамандығы бойынша заңгер, заң ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Алматы облысы бойынша Каменка ауылында сантехник-слесарь болып бастаған. Әр жылдары Алматы облысында жедел бөлім инспекторы, жедел қызмет өкілі міндетін атқарған.

2000 жылы Алматы облысының ішкі істер департаментін басқарды. Үш жылдан кейін Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары болды. 2008 жылдан 2014 жылға дейін Қазақстан президенті әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.

оқи отырыңыз: Алик Шпекбаев "Қазақ күресі" федерациясының президенті болып сайланды

Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесінде 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Алдымен ол мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, одан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшысының орынбасары болды.

2017 жылдың желтоқсанында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды. 2019 жылдың маусымында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екі ведомствоға бөлінгеннен кейін ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы болып тағайындалды.